Күдікті 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жамбыл облысында 60 жастағы фермер есірткінің ірі партиясымен ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2 сәуірде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Меркі ауданы Тәтті ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығының аумағында жертөледен ерекше иісі бар қоңыр-жасыл түсті, өсімдік тектес заты бар полиэтилен пакеті табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат жалпы салмағы 7,2 келіні құрайтын кептірілген марихуана және 88 грамм гашиш болып шықты.
Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен Шу ауданының 60 жастағы тұрғынын ұстады.
Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.