×

Жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып кетудің жолы кесілді

Екі айдың ішінде 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны тәркіленді

 Динара Амантай 07.04.2023 | 10:54
Фото: Қаржы министрлігі баспасөз қызметі

Екі айдың ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып кетудің 288 фактісінің жолы кесілді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ел аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынған сәттен бастап мемлекеттік кірістер органдарымен мұнай өнімдерін үшінші елдерге заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Олар бойынша сотпен 1,5 млн теңгеден аса айыппұл салынып, 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны тәркіленді.

ЕАЭО мемлекеттерінің қатысуымен шекарада 63 мың литрден аса (63 820 л) жанар-жағармай өнімдерін шығарудың 194 фактісі анықталды.

Мемлекеттік кірістер комитеті жоғарыда көрсетілген тыйым күшіне енген күннен бастап электрондық декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде мұнай өнімдерін кедендік декларациялауға жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдаған. Осы шектеуге қатысты әкімшілендіру жұмыстары тұрақты негізде 6 айлық тыйым салу кезеңінде жүзеге асырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама