Бұл мәселе ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің бақылауына алынды
Алматы облысында 6 браконьер мемлекеттік инспектор мен қорықшынының жүзу көлігін суға батырмақ болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 4 сәуірде Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы Төменгі Іле балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы «Майтан» ЖШС қорықшысымен Іле өзенінде бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде тыйым салынған құралдармен (электр тогы) заңсыз балық аулау дерегін анықтаған.
Үш моторлы қайықтағы 6 адам браконьерлікпен айналысқан. Олар өздерін ұстамақ болған қорықшының жүзу көлігін суға батыруға әрекет жасап, оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабында көзделген құқықбұзушылықтың құрамы, яғни мемлекеттік инспектор мен қорықшының қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың өміріне қолсұғушылық қарастырылады. Осы бапқа сәйкес, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен қорықшының қызметтік міндеттерін орындауына қасақана кедергі келтіргені үшін браконьерлер мүлкі тәркілене отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады. Сонымен қатар, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз өндіргені үшін ҚР ҚК-нің 335-бабымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Осыған байланысты ведомствомен Алматы облысы Балқаш ауданының полиция бөліміне 6 сәуірде ұстау кезінде қарсылық көрсету, қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды адамдарға шабуыл жасау және заңсыз балық аулау фактілері бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін өтініш берілді.
Бұл мәселе ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің бақылауына алынды.