Ол полицияның заңды талабына бағынбаған
Елорда әуежайында заңсыз жұмыс істеп, жолаушылардың мазасын алған такси жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жыл басынан бері Қазақстанда әуе және теміржол көлігі нысандарында көлік полицейлері қоғамдық орындарда адамдарға тиіскені үшін 778 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның 220-сы – заңсыз жұмыс істейтін такси жүргізушілері.
Мәселен Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдеу барысында №1 терминалда елорданың 37 жастағы тұрғынын анықтады. Ол әуежайдан шығаберісте жолаушылардың мазасын алып, такси қызметін ұсынып, тәртіп сақшыларының ескертулеріне құлақ аспаған. Сондай-ақ ер адам полиция бөлмесіне жеткізу кезінде полицейлердің заңды талабына бағынбаған, - деп жазылған хабарламада.
Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігі және 667-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқықбұзушы 2 тәулікке қамауға алынды.