Halyq Uni логотип
×

Көлгінов сөз берген, Қасымбек үнсіз отыр: Сырдария көшесінің тұрғындары Ақорда алдында аштық жарияламақ

Астаналықтар Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұрады

 Наима Нұрәлі 06.04.2023 | 17:28

Астанадағы Сырдария көшесінің тұрғындары Halyq Uni тілшісіне жанайқайын жеткізіп, мегаполис басшысы Жеңіс Қасымбекті халықпен бірге болуға, кабинетінде отыра бермей, тұрғындармен жиі кездесіп тұруға шақырды. Көшейін десе үйі өтпейтін, көшпейін десе денсаулығы сыр беріп жатқан көше тұрғындары ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, бар үміті мемлекет басшысында екенін жеткізді.

Мәселе былай, аса қуатты электр бағаналары орнатылған бүтін бір көше бойындағы тұрғындардың денсаулығы сыр беріп, әртүрлі ауруға шалдыға бастаған. Бүгін сау адам ертең ауру, сосын көп ұзамай бақилық болады екен.

Байқоңыр ауданына қарасты Сырдария көшесінде 3 адам қайтыс болса, оған іргелес жатқан Күлтегін көшесінде соңғы бір жылда 4 бірдей адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Тұрғындар арасында «Өлім бағанасы» атанып кеткен электр бағаналары халықтың қажетіне жарап қана қоймай, денсаулығын да жалмап жатыр екен. Тіпті, бағаналардың бірі құлаудың аз алдында тұр.

«Сырдария көшесі, №84 мекенжайындағы үйде тұрамын. Үйім электр бағанасының дәл астында орналасқан. Менің қан қысымым жоғары әрі кенеттен бет-жүзім ісіп, тынысым тарыла бастайды. Көршімнің үйінде екі адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Бірі ауруханада жатыр. Қыз-келіншектердің шашы түсіп жатыр. Бұл үйді 1997 жылы сатып алғанбыз. Күлтегін көшесінде өмір сүруге болмайтынын айтып, екі үйді сүрген. Ал біз өз мәселемізбен өзіміз қалдық. Кең үйдің бір бұрышында әйелім екеуміз ғана тұрамыз. Балалар, немерелеріміз үйге келуге қорқады. Тезірек біздің үйімізді сүріп, жаңа үйге көшірсе екен», - деді Қаныбек Мырзабаев.

Бұл маңда 35 жылдан бері тұратын Сәуле Сұлтанқызының айтуынша, электр бағаналарының кесірінен шашымен қоса тістері де түсіп қалыпты. Тіпті, немелерінің де шашы түсіп жатыр екен.

«1988 жылы көшіп келгенбіз. Содан бері бұл көше мардымды жөндеу көрмеді. Былтыр жаңа жылдың алдында әкімдік қызметкерлері құжаттарымыздың көшірмесін жинап алды. 2023 жылы қаңтар айында жаңа үйге көшесіздер деген. Одан нәтиже жоқ. Қалалық әкімдікке де, аудан әкімдігіне де бардық. Мәселеміз шешілмеді», - дейді тұрғын.

Арайлым Сайдалина деген тағы бір тұрғын көршісінің айтқанын растап, әкімдіктің тез арада шешім қабылдауын сұрады.

«Қисық тұрған бағана құласа, бәріміз жанып кетеміз. Қала әкімімен Байқоңыр ауданында өткен жиналыста кездестік. Ол кісі біздің көшемізге келіп, мәселемізбен танысып кеткенін айтты. Бірақ біз оны көрген жоқпыз. Таңғы сағат 8:00-де келіп кеткен шығар. Бізбен тілдеспесе, халықпен жүздеспесе, келгенінен не пайда?! Менің ағам да обырға шалдыққан. Шашым да түсіп жатыр», - дейді Арайлым Сайдалина.

Тұрғындардың жанайқайынан кейін электр бағаналарына жауапты мекеме өкілдері де пікір білдіруге келісті. «Ақмола АЭК» бас инженерінің орынбасары Дидар Әбілов 90-шы жылдары электр станциясы барлық нормаларға сәйкес орнатылғанын және талап бойынша аса қуатты электр бағаналары мен құрылыс нысандары арасы 4 метр шығатынын жеткізді.

Қисық тұрған электр бағанасы 26 жыл бұрын қойылған. Құласа, неге адамдар өледі дейсіздер? Ештеңе болмайды. Құламайды, тұрады әлі. Оған дейін біз жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. 3-4 айда дұрыстаймыз, - деді Дидар Әбілов.

Алайда ашынған тұрғындар жөндеу жұмыстарын күтіп жүргеніне 3 жылдан асқанын айтып, мекеме өкілінің бұл уәдесіне де сенбейтінін жеткізді.

«Бұл бағаналардың зияны жоқ. Құжат жүзінде барлық талапқа сай. Мен санитарлық талаптарды білмеймін. Бірақ желіні саларда барлық тексеру жүргізілген. Тұрғындар осы үйлерге кірерде 1997 жылы жауаптылар 3 жылдан соң үйлерін сүруге уәде еткен дейді. Бірақ ол ақылға қонымсыз. Бірнеше жылдан соң сүріп тастау үшін ешкім миллиардтар жұмсамайды. Ал сүрілген 2 үйге келсек, олар расымен қауіпті аймақта салынған еді. Сондықтан үй иелерін басқа жаққа көшіруге тура келді», - дейді Дидар Әбілов.

Мекеме өкілінің айтқанымен келіспеген тұрғын – Арайлым Сайдалина осыдан 7 ай бұрын қала әкімі болған Алтай Көлгінов Күлтегін көшесінде тұрғындармен жүздесіп, бұл бағаналардың адам денсаулығына зиянын мойындағанын айтты.

«Қазір шешім қабылданды. Бұл мәселе президенттің бақылауында тұр. Үкіметтен қаржы бөлінеді, біз де жергілікті бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір жылда бітетін шаруа емес. Күзде қаражат бөлініп, көшіруді бастаймыз. Алдымен бағаналардың бәрін Асан Қайғы көшесі бойымен жер астына орнатамыз. Тоқ қосылғаннан кейін бағаналардың бәрін бұл жерден алып тастаймыз», - делінген Алтай Көлгіновтің тұрғындармен кездесуіндегі жазбада.

Арайлым Сайдалина мәселе көшедегі электр бағаналарын алып тастаумен шешілмейтінін айтады.

Бағаналарды алып тастадық. Сендер ауру күйіңде осы жерде қаласыңдар» демекші ғой. Ертең солай болады. Асан қайғы көшесіндегі үйлерді сүріп тастаған. Бағаналарды сол жаққа апармақшы. Ал біздің күніміз не болады? 14 үйдің әрқайсында бір-бір ауру адамнан бар. Зиянын көріп келе жатқанымызға 20-30 жыл болды. Біздің де үйімізді сүріп, жаңа үй берсін, - дейді Арайлым Сайдалина.

Байқоңыр ауданына қарасты бұл көшеде мыңға жуық адам тұрады. Басым көпшілігі 90 жылдарда жер алып, баспана салып алған. Ал, енді жылжымайтын мүлікті сатайын десе, ешкім алмайды. Өйткені, бұл жерде ешкім тұрғысы келмейді.

Зардап шеккен тұрғындар ескі үйлерінің сүріліп, орнына жаңасы берілгенін талап етеді. Егер мегаполис басшысы тұрғындардың талабына құлақ аспай, мәселесін шешпесе, олар әкімнің суреті бейнеленген плакатты көтеріп, Ақорда ғимаратының алдында аштық жариялайтынын айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама