«Ақжайық» және «Мақтаарал» клубтарының қақпашысы қатерлі дертке шалдықты
Оның өзі әлеуметтік желі арқылы ауруының асқынып бара жатқанын хабарлады
«Ақжайық» және «Мақтаарал» клубтарының намысын қорғаған украиналық Сергей Литовченконың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталды. Бұл туралы хабар Instagram-дағы парақшаға жарияланды.
Никита Черных есімді желі қолданушысы 35 жастағы қақпашыға Ходжкин лимфомасы диагнозы қойылғанын мәлімдеді. Қазір спортшының ауыр химиотерапияны алуына қаражат жиналып жатыр. Қаражат көлемі үлкен болғандықтан, футболшылар қауымынан көмек сұрауға тура келген.
Футболшының өзі де әлеуметтік желі арқылы ауруының асқынып бара жатқанын хабарлады. Ол сырқатына байланысты биылғы 1 қаңтардан бері ешбір клубта ойнамаған.
Еске сала кетсек, Сергей Литовченко 2021 жылғы маусымды «Ақжайықта», 2022 жылғы маусымды «Мақтааралда» өткізген.