Қостанай облысында ауыл тұрғындары көшірілді
Елді мекенді 6-7 сағатта су басып кеткен
Қостанай облысында Қарамырза ауылын су басып, халықты қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.
Sputnik.kz-тің хабарлауынша, ауылды су басқан күні Қарасу ауданындағы Тімтуір өзенінде судың деңгейі 23 сантиметрге көтерілген. Еріген қар суы да көп болған. Содан 6-7 сағатта Қарамырза ауылын су басып кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары түнде тұрғын үйлер мен аулаларды су басқанын, бір қуаныштысы, қаза тапқан немесе зардап шеккен адамдардың болмағанын айтты. Құтқарушылар тұрғындарды су басу аймағынан алдын ала эвакуациялады. Көрші көшелерде тұратын 23 адам өз еркімен туыстарының үйіне орналастырылды, – делінген материалда.
Қазір Қарамырза ауылында 35 үйді және 60 үй-жайды су басты. Тімтуір өзенінің деңгейін және еріген қар суын бақылайтын 2 бекет қойылды.
Соңғы мәліметке қарағанда, Карамырза ауылында Тімтуір өзеніндегі судың деңгейі 30 см-ге азайған. Қарамырза ауылынан 20 шақырым жерде, Тімтуір өзені бойынан жоғары орналасқан Кошевой ауылына жақын жердегі гидробекетте өткен тәулікте су деңгейінің 1 метрге азайғаны байқалады.
Өзендегі су деңгейінің төмендеуі нәтижесінде 17 тұрғын үйдегі су деңгейі азайды. Құтқарушылар 6 және портативті мотопомпалардың көмегімен үйлерден су сору жұмыстарына кірісті.
Эвакуацияланған 39 адамның 15-і үйлеріне оралды, 24 адам туыстарының үйлерінде қалды.