×

Петропавл іргесінде жолдары 40 жыл жөндеу көрмеген ауыл бар

Ауыл ішіне қоғамдық көліктердің кіруі қиындаған

 Самат Жақып 07.04.2022 | 18:30
Прибрежное ауылы

Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылы облыс орталығынан (Петропавл) небәрі он шақырым жерде орналасқан.

Прибрежное ауылындағы халық саны бүгінде екі мыңға жуықтады. Яғни, ауылдың орналасқан жері Петропавл қаласының іргесінде болған соң, ол жерге қоныстанушылардың саны жыл санап артып келеді. Алайда ауыл халқының саны артқан сайын, мұндағы өзекті проблемалар да көбейіп барады. Мәселен, Прибрежное ішіндегі жолдардың жөндеу көрмегеніне 40 жыл болған. Күн жауса, халық резеңке етік киюге мәжбүр. Тіпті, көлігі бар тұрғындар бар тапқанын әбден тозған жолдан зардап шегетін көлігін жұмсауға мәжбүр екен. Ойдым-ойдым жолдан көліктің дөңгелегі жиі жарылады екен. Тек жеңіл көліктер емес, облыс орталығына қатынайтын автобустар да жиі бұзылады.

«Жуырда автобустың амортизаторы жарамсыз болып қалды. Осы жолда істен шықты. Жөндетуге 20 мың теңге жұмсадым. Көліктің дөңгелектері ғана емес,  темір бөлшектері де шыдас бермейді. Шынымды айтсам, ауыл ішіне кіргім келмейді. Бірақ халықты тасымалдау міндетім болған соң, амалсыз көнуге тура келеді», - Руслан Ахмадеев есімді қоғамдық көлік жүргізушісі.

Оған қоса, ауылда дәріхана, банкомат дегендер атымен жоқ. Уәде беріледі, бірақ орындалмайды.

«Биыл аудан әкімі Жанат Сәдуақасов келіп есеп беріп, сметалық құжаттар әзірленгенін, тек ақша күтіп отырғанын айтып кетті. Ол қаржы қашан түседі? Белгісіз. Жылда жергілікті билік құрғақ уәде береді. Біз одан әбден мезі болдық. Менің мұнда тұрып жатқаныма 41 жыл болды. Кеңес үкіметі кезінде орталық көшелерге асфальт төселген еді. Ол әбден ескіріп, тесіліп бітті. Ешқашан жөнделген емес», - дейді ауыл тұрғыны Айжан Нұртазина.

Прибрежное ауылындағы кей көшелер ешқашан жөндеу көрмеген. Жауаптылар тек жыл сайын олардың бетін арнайы техникамен қырып, тегістеп кетеді екен.

«2020 жылы 4,5 шақырым жолды өлшеп, жобалық-сметалық құжат әзірледік. Бұл жұмыстың өзіне көп уақыт кетті. Қазір бұл құжат облысқа жолданды. Сәтін салса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енуге тиіс. Кейін осы жоба аясында республикалық бюджеттен ақша сұраймыз. Сосын жөндеу жұмыстары басталады», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шоқыбаев.

Ауылдағы төрт шақырымнан асатын жолға асфальт төсеу үшін шамамен 171 млн теңге қаражат керек. Мұндай қаражат аудан бюджетінде әзір жоқ. Сондықтан тұрғындардың талабы нақты қашан орындалатынын белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама