Шымкенттік ұсталар Қожа Ахмет Ясауидің алып мөрін жасады (ВИДЕО)
Шеберлер ұмытылып бара жатқан дәстүрді жаңғыртып жатыр
Шымкент қаласының тұрғындары Абдулла Наурызбаев пен Келіс Арапбаев Қожа Ахмет Ясауидің 2 метрге жуық алып мөрін жасап шықты. Бұл туралы Otyrar телеарнасы хабарлады.
Олар жарты тонналық мөрді 1 айда жасаған. Одан басқа, ұсталар ұлттық өнерді дәріптеп, ұмыт бола бастаған ұсталықтың қыр-сырын жаңғыртуды қолға алып, заманауи үлгідегі сәнді бұйымдар мен түрлі кәдесыйларды жасап шыққан.
Абдулла Наурызбаевтың айтуынша, ол ұсталықпен 40 жылдан аса уақыт айналысып келеді. Ол былтыр арнайы тапсырыспен Қожа Ахмет Ясауидің жарты тонна тартатын мөрін жасаған. Мыспен қапталған туындының диаметрі – 2 метрге жуық. Қазір мөр Түркістан қаласындағы музейге қойылған.
Ұста ертеректе қолданылған табиғи әдістерді зерттеп, оны жастарға дәріптеп келеді. Бұл өнер оған атасынан дарыған екен. Атасы кезінде елге белгілі ұста болыпты.
Біздің үйде XIX ғасырда соғылған аттың тұсамысы әлі күнге сақтаулы тұр. Суретші өз қиялынан түрлі туындылар салады. Ал біз соны темірмен иіп жасап береміз, – деді ол.
Абдулла Наурызбаев аядай ғана шеберханадағы алып заттарды досы Келіс Арапбаевпен бірігіп жасайды. Олар көше шамдары, түрлі композициялық туындылар, қоңырау, түрлі кәдесыйларды жасап, елдің ықыласына бөленіп отыр.
Келіс Арапбаевтың айтуынша, ескі заттарды жасауға тапсырыс беріп жатқандар көп.
Бізге затты көрсетеді. Осыны көбейтіп берсеңіздер дейді. Біз жасап береміз. Біздің алғашқы жұмысымыздың бірі – Қожа Ахмет Яссауидің алып мөрі. Одан басқа, мүсіндер жасаймыз. 1-2 суретші өздерінің көрмесі үшін мүсіндер жасатты, – деді ұста.
Зейнет жасындағы он саусағынан өнер тамған шеберлер бос уақытын құр өткізбей, елге пайдамыз тисін деп осындай іспен айналысып, қазақтың ұмыт болып бара жатқан дәстүрін жаңғыртып, тың туындыларды арнайы көрмелерге ұсынып келеді.