Ол өзін агрессивті ұстап, полицияны балағаттаған
Павлодар облысында мотоцикл басқарған 14 жастағы баланың ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 29 наурызда түнгі сағат 23:50 шамасында Баянауыл ауылында тәртіп сақшылары Dayun мотоциклін басқарған 14 жастағы баланы тоқтатқан. Әрі қарай тексеру үшін жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді. Полицияға жасөспірімнің заңды өкілі де шақырылды.
Полицияда кәмелетке толмаған бала өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтты. Заңды өкілге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен («Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы»), ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 1-бөлігімен («Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу»), ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігімен («Басқару құқығы жоқ адамға (белгiленген қағидаларға сәйкес жүргiзуге оқыту жағдайларын қоспағанда не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамға көлiк құралын басқаруға беру»), ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы («Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық») бойынша әкімшілік материалдар жасалды.
Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Павлодар облысы Баянауыл аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Дәметкен Әбікеева.