Ауыл тұрғыны айдаладан 9 мина мен 5 граната тауып алды
Жарылғыш заттардың қалай пайда болғандығы анықталып жатыр
Ақмола облысының тұрғыны айдаладан танкке қарсы 6 мина мен 5 граната тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жарқайың ауданы Тасты-Талды ауылының тұрғыны жарылғыш заттарды 4 сәуірде тапқан. Айтуынша, ол қара металды жинау кезінде арнайы құрылғының көмегімен шамамен 50 см тереңдіктен алып шыққан. Оқиға туралы ер адам бірден полицияға хабарлаған.
Жедел-тергеу тобы мен сапер мамандары дереу жолға шықты. Табылған жарылғыш заттар, атап айтқанда, танкке қарсы 3 мина, жаяу әскерге қарсы 6 мина, F-1 және rid-5 моделді 5 граната тексеріліп, олардың оқу-жаттығулық екені және өмірге қауіп төндірмейтіні туралы қорытынды шығарылды.
Сондай-ақ полиция мен сапер бригадасы жақын маңдағы аумақты тексеріп, жарылғыш заттарға ұқсас заттар таппаған.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, сараптамалар тағайындалды. Құқық қорғау органдары бұл заттардың айдалада қалай пайда болғанын анықтап жатыр.