Қазақстандықтар қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін рәсімдей алады
Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде жыл басынан бері 75 мыңнан аса адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,8 мың адам пайдаланған.
Қазір ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Олар – жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша берілетін әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына), мүгедектігі бойынша, көпбалалы отбасыларға берілетін, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.
Сондай-ақ ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.
Бұрын хабарланғандай, Отбасының цифрлық картасы – әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі. Содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.