Қазыбек Иса ұлтшылдықпен емес, ұлтсыздықпен күресу қажет екенін айтты
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда болған жағдайды қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан халқын біріктіретін ортақ идеология керек екеніне тоқталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол депутатық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловқа, ҰҚК төрағасы Ермек Сағынбаевқа жолдады.
«19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген?
Қылмыстық кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен Марғұлан Боранбай 3 жылдан бері тас түрмеде отыр...», - деді депутат Қазыбек Иса.
Оның пікірінше, қазір ұлтшылдықпен емес, ұлтсыздықпен күресетін кез келді.
«Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керек. Ең басты қасиетті құндылығымыз Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау – ең басты ұлттық міндетіміз!
Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек! Ол үшін Ұлттық идеология Тәуелсіздіктің қорғаны болуы керек. Ұлттық идеология жемісті болуы үшін ең алдымен Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік қажет! Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм вирусын тарататын шетелдік телеарналарға, сайттар тоқтатылуға тиіс», - деді ол.
Қазыбек Исаның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы талай рет Петропавл мен Павлодар қалаларының тарихи атын қайтаруды ұсынған.
...Билік бізді жау көргендей ыршып түскен еді... Енді міне, жасырған ауыруымыз асқынғанын көріп отырмыз. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Кең байтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз – шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді!
Өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын? Бұған кінәлі әкімдер былқ етпей орындарында әлі отыр…», - деді депутат.
Оның пікірінше, бүгінгі геосаяси жағдай қиын кезде ең алдымен ел ынтымағы керек.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының мүшесі өз ұсыныстарын айтты:
Бірінші – Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада қабылдау қажет.
Екінші – Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен сайттардың, басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату керек.
Үшінші – Ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге әкімдердің кедергісі тоқтатылуға тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін өзін петропавлдық белсенділер деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған.
«Біз Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының жұмыс істейтін еркін тұрғындары, ерлер мен әйелдер Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізде өмір сүруге қолайсыз жағдайлардың туындауына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің дәрменсіздігі мен абыройсыздығына байланысты өзіміздің мүлкіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне толық сенімсіздік жариялаймыз. Біз өзімізді тәуелсіз және егемен деп жариялаймыз», – деді топ мүшесі желіде жарияланған видеода.