«Таза парақтан» реттеу саясаты жүзеге асырылып жатыр
«Таза парақтан» реттеу саясаты шеңберінде білім беру саласындағы 105 нормативтік құқықтық актіге талдау жасалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталмыш НҚА-да бизнес субъектілері үшін қойылатын 8 500-ден аса талап бар. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері 174 талапты қайта қарау туралы шешім қабылдады.
Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының айтуынша, бүгінде министрліктің 38 нормативтік құқықтық актісіне өзгерістер енгізіп, 154 талап қайта қаралды.
Мәселен, мемлекеттік аттестаттауды өткізу рәсімдері қайта қаралды. Білім беру ұйымдары үшін есепті құжаттаманы дайындаудың бағаланатын кезеңі 4 жылдан 2 жылға дейін қысқартылды. Мұғалімдердің бейне сабақтарын ұсыну және материалдық-техникалық базаның жай-күйіне бейне шолу жасау бойынша талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ ҰБТ және қорытынды аттестаттаудан өту кезіндегі жүктемені ескере отырып, 11-сынып оқушылары тестілеу рәсімінен босатылды. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу рәсімінің өзі қолданыстағы жүйелердің деректерін интеграциялай отырып, цифрлық форматқа көшеді, - деді комитет басшысы Ернұр Дауенов.
20 талапты қамтитын қалған 3 нормативтік құқықтық акт бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, өткен жылы бизнеске жүктемені азайту, оңтайлы және тиімді реттеуші жүйені құру үшін «таза парақтан» жаңа реттеу тәсілі қалыптасқан болатын.