Қазақстандағы ірі мектеп, колледж және ЖОО-лар мамандандырылған күзет агенттіктерімен 3 жылға келісімшартқа отырады

Алиакпар Қадырбаев

Мамыр айында Қазан қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді

көрнекі фото: astana.gov.kz

Биыл 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Атыс салдарынан 11 адам қаза тауып, зардап шеккен тағы бірнеше адам ауруханаға жеткізілді.

Қазан қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелеріне бірыңғай талаптар әзірлеуді тапсырды.

Биылдан бастап ірі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтерін пайдалана бастады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қауіпсіздік агенттігі үшін де, мектеп үшін де бірнеше айға ғана келісімшартқа отыру тиімсіз және қажет емес. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының ерекшелігін ескерсек, күзетшілердің үнемі ауысып тұруы балалармен жұмыс істеу барысында кері әсер етеді.

Сондықтан алдағы уақытта келісімшарттар 3 жыл мерзімге жасалады. Сондай-ақ біз осындай сатып алу рәсімдеріне ерекше жағдайлар жасау бойынша бастама көтереміз, - деп жазды министр.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесі тек 1 жылға дейін ғана жарамды болатыны білім беру ұйымдары үшін бұл өзекті проблемаға айналған.