Аржан Сәдуақас әкесін өлтіргендердің жазасыз қалғаны, өлім аузынан аман қалған сәттері, жетімдіктің тауқыметі жайлы айтып берді
Заңгер Аржан Сәдуақас Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында дәрі-дәрмектің көмегінсіз талма ауыруын қалай жеңгенін айтып берді.
«Таразда Тектұрмас деген төбе бар. Серуендеп жүріп, талма ауыруы ұстаған сәтте сол төбеден құлаппын. Есімді жиғанда дәл төбемде имамның фатиха сүресін оқып жатқанын естідім. Көзім ашылмайды, қимылдай алмаймын. Имам да есін жиды-ау демейді. Бір жерде өліп қалып, қазір жаназамды шығарып жатыр деп ойладым. Кейін көзімді ашып, қимылдай бастағанда имамның құран оқып отырғанын түсіндім. Судың ішінде де талма ауыруым ұстаған. Ол кезде інім құтқарып қалды. Судан шығара алмаса да, басымды ұстап тұрып аман алып қалғаны бар», - деді Аржан Сәдуақас.
2009 жылға дейін ай сайын ауруханада жатып емделетін Аржан бір күнде ем-домнан бас бас тартыпты.
«7-сыныпта спортпен шұғылдана бастадым. Өзімді басқа балалардан кем сезіндім. Мектепте 4-сынып пен 7-сынып арасында оқып жүргенімде аптасына 2 рет талып қалатынмын. Эпилепсия салдарынан жазу, оқу қабілетім төмен болды. Оны мұғалімдер түсінбейтін. Ауылдағы мектептен қалаға ауыстым. Алайда бір айға жетпей мектеп басшылығы ауруыма байланысты жауапкершілік ала алмайтынын айтып, қайта ауылға қайтарып жібергені бар. Біріншіден, талма ауруының емі жоқ. Түсінгенім, санаңа өзіңнің ауру екеніңді кіргізбеуің керек. Мен өзімді ешқашан аурумын деп есептеген жоқпын. Талып қалғаннан соң ғана диагнозым есіме түсетін. Артынша 1-2 күн күйзелісте жүріп, кейін қайтадан толық саумын деп есептейтін едім. Психологияны зерттеп, спортпен шұғылданғанның арқасында эпилепсиядан арылдым деп ойлаймын. Соңғы рет қашан талып қалғаным есімде жоқ», - дейді заңгер.
Сонымен қатар кейіпкеріміз сұқбат барысында әкесінің өлімі, заңгерлікті не үшін таңдағаны, жетімдіктің тауқыметі мен еліміздегі судьялардың біліксіздігі жайлы айтып берді.