Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлер апатты жағдайда тұр

Еркеғали Болатұлы

Құрылысы 10 ай бұрын бітуге тиіс болған екі 9 қабатты үйге үлескерлер кіруге қорқады

фото: azattyq.org

Шымкент қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған екі көпқабатты үй бітпей жатып апатты жағдайға жеткен. Үлескерлердің айтуынша, құрылысы 10 ай бұрын бітуге тиіс баспаналардың көп жері қисық соғылған. Ішіне кірудің өзі қауіпті көрінеді.

Qazaqstan телеарнасының хабарлауынша, «Тұран» шағын ауданындағы тұрғын үйден 111 отбасы былтыр пәтер алуға тиіс болған. Банк олардың жинақтаған қаржысы мен төлем қабілеті жеткілікті екенін растағанмен құрылыс мерзімінде бітпеген.

Бұл үй 2019 жылдан бері тұр. Апатты үйге айналған деп айтты көршілер. Баспалдағының, калонкалардың өзі қисық. Тұсқағазды жамап-жамап қойған. Мен бұл үйді алғым келмейді. Қазір неше түрлі жағдай болып жатыр. Жер сілкінісі болса, қалай тұрамыз? Елестете алмаймын, - дейді Ұлдана Шалқар атты үлескер.

Жалпы, бұл 9 қабатты тұрғын үйдің әрқайсысын салуға 900 миллион теңгеден ақша бөлінген. Алайда құрылысты бастаған мердігердің тірлігі шала болып, тапсырыс берушімен арадағы келісімшартты бұзуға тура келген. Енді жұмысты басқа мердігер аяқтамақ. Мамандар оған шамамен 2 ай уақыт кетеді деп отыр. Осыған байланысты әкімдік үлескерлерге екі түрлі жол ұсынды.

«Егер күтпейміз деп күмәнданған азаматтар болса, сол бағдарламаға ауыстыруға мүмкіндік бар. Бірақ оған 200 мың теңгеден. Ал «жоқ, осы бағдарламамен қаламыз» дегендерден құрылыстың аяқталғанын күткенін сұраймыз», - деп отыр қала әкімі Мұрат Әйтенов.