Орталықта жыл сайын 4 мыңнан астам балаға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі
Ерекше мұқтаждығы бар балалардың ата-аналары мен медицина қоғамдастығы Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына тағайындалған жаңа басшыға қарсы. Ата-аналар мен дәрігерлер президенттің атына үндеу жолдап, орталықтың бұрынғы басшысын қайтаруды сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үндеуді «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Алиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Біз, ерекше мұқтаждығы бар балалардың ата-аналары, мемлекеттік емес және пациенттік ұжымдар, медицина қоғамдастығы Астана қаласындағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» қабырғасында оңалту қызметін қабылдайтын балалардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында осы өтінішті жолдап отырмыз, – деп басталады үндеу.
Белгілі болғандай биыл 17 наурызда Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орталыққа жаңа басшы болып Жамиля Баттақова тағайындалған.
«Біз бұл тағайындауға үзілді-кесілді қарсымыз, себебі бұл тұлға невролог, педиатр немесе реабилитолог маман емес. Орталықтың ұлттық статусын, Қазақстандағы балаларды оңалту саласының бетке ұстар мекемесі екендігін ескере отырып, осындай маңызды мекемені жоғары кәсіби біліктілігі, дамуының ерекшеліктері бар балаларды оңалтуда мол практикалық тәжірибесі бар маман басқаруы керек деген пікірдеміз», – делінген хатта.
Оңалту орталығына тағайындалғанға дейін Ж.Баттақова Алматыдағы «Балбұлақ» оңалту орталығын басқарған. Үндеу жолдаған азаматтар 1,5 жыл ішінде жұмысында ауыз толтырып айтатындай нәтиже болған жоқ деп есептейді.
«Баттакованың Алматы қаласындағы «Балбұлақ» оңалту орталығын басқарған бір жарым жылға жуық аз мерзімді еңбек өтілі болды. Осы уақытта аталған орталық жұмысында ауыз толтырып айтарлық оң нәтиже болған жоқ. Керісінше, ортез дайындау үрдісі мүлде тоқтап қалды, ал бұл – оңалтудың өте маңызды әдістерінің бірінен саналатын бағыт. Орталықта оңалту қызметін алу жағдайлары да ата-аналар тарапынан сынға түсіп жатты. Ол туралы БАҚ арқылы қоғамдық белсенділер тарапынан көтерілген «Балбұлақ» орталығындағы оңалту үрдісін ұйымдастыруда жол берілген келеңсіз мәселелер туралы шағымдарынан естіп білдік», – деп қосты үндеуде.
Айта кетейік, Ұлттық балаларды оңалту орталығы еліміздегі ерекше балаларды оңалтумен айналысатын үздік мекеменің бірі. Жыл сайын бұл орталықта 4 мыңнан астам балаға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі.
Сондай-ақ орталық үш рет сапа және қауіпсіздіктің «алтын стандарты» болып танылатын JCI халықаралық аккредитациясынан өткен.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз үшін Ұлттық балаларды оңалту орталығының алдағы тағдыры көңіл алаңдатар мәселе. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан орын алған, балаларды оңалту қызметінің тиімді ұйымдастырушысы ретіндегі біліктілігі үлкен күмән тудыратын тұлғаны басқарма басшылығына таңдаған кадрлық тағайындаудағы жіберген жаңсақтығына Сіздің назарыңызды аударғымыз келеді, – делінген жазбада.
Олар Ұлттық балаларды оңалту орталығы басқарма басшысының вакантты орнына қабылдауға қойылған біліктілік талаптарының төмен болуына байланысты, байқау комиссиясының қорытындыларын жоюды және қайталап конкурс өткізуді сұрап отыр. Сондай-ақ шектеулі профиль екендігін ескере отырып, балалар неврологы, оңалтушы (реабилитолог), басқарушы лауазымдарында 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар педиатр, ғылыми атағы және MBA біліктілік талаптарын енгізуді сұрайды.