Тамара Дүйсенова министрліктің алдағы жоспары туралы баяндады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова ауыр жұмыс істейтін қазақстандықтарды әлеуметтік тұрғыда қолдауды күшейту мәселесі пысықталып жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту маңызды.
«Қазақстанда осы санаттағы жұмысшылардың әлеуметтік қамсыздандыру үшін 2005 жылдан бастап жазатайым оқиғалардан әлеуметтік сақтандыру жүйесі және 2015 жылдан бастап 50 жасында ерте зейнетке шығуды көздейтін зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіби схемасы енгізілді. Бірақ, бұл екі жүйе де аннуитетке негізделген. Бірінші жүйе бойынша төлемдер тек зейнет жасына дейін жүргізілсе, екіншісінде жинақтардың аздығына байланысты аннуитеттер барлығына бірдей қолжетімді бола бермейді», - деді Тамара Дүйсенова.
Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды арнайы төлемдер енгізу мүмкіндігін қарастыру арқылы күшейту қажеттігін айтқан.
Осы тапсырманы орындау үшін Министрлік отандық және әлемдік тәжірибені зерделеп, бірқатар тәсілді қарастырды, бірнеше вариант бойынша есеп-қисап жасады. Бүгінде нақты тәсілдер әзірленді, оны Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен сақтандыру нарығы қарап жатыр, - деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін Тамара Дүйсенова ауыр өнідірісте жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды зейнетке ерте шығару мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобы үш нұсқа әзірлегенін хабарлаған еді.