Ақтауда 9-қабаттан түскен қоқыс ауладағы көлікке зақым келтірді
Полиция инспекторлары қоқысты терезеден 27 жастағы жігіттің лақтырғанын анықтады
Оқиға кеше 9-шағын аудандағы №16 үйде болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сағат 15:00 шамасында «102» кезекші бөліміне көлікке қоқыс толы қап лақтырылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Аудандық полиция инспекторлары оқиға орнына келіп, қоқысты 9-қабаттағы терезеден 27 жастағы жігіттің лақтырғанын анықтады. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру талаптарын бұзғандарға, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарына зиян келтіріп, қалалар мен елді мекендердегі жасыл желектерді жойып, бүлдіргендерге ескерту немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсiпкерлiк субъектiлерге – 40, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерге – 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл қарастырылған.