Оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды
Атырау қаласының тұрғындары төтенше жағдай жариялануын сұрап, ауа сапасының нашарлап кеткенін айтып дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Белгілі болғандай, 2 сәуір күні Атырау қаласының маңындағы Дамба ауылынан 30 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» қорығы аумағында 85 гектар аумақта қамыс өртенді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қамыс өсімдіктерін сөндіру қатты желдің салдарынан қиындап жатыр, бірақ елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Дегенмен департамент мамандары өрт сөндіруге қажетті техникаларды облыс әкімдігінен сұратып жатқандарын хабарлады.
Бұл жөнінде құзырлы органдарға сұраныстар жіберіп жатырмыз. Келесі жылы техникаларды беру жұмыстары шешіледі деген ойдамыз. Резерватты инспекторлармен бақылауға алып, әр бекетте 2 мемлекеттік кезекші қызмет атқарады. «Ақжайық» резерватының аумағы үлкен болғандықтан, түнгі 23:00-де қатты желден өрт өршіп кетті. Қазір полиция департаментіне арызданып, өрт бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сулы-батпақты жерлерде жүретін техника сұрап отырмыз, – деп жауап берді «Ақжайық» резерватының бөлім басшысы Ғани Ағыбаев қамыс өрті туралы брифинг барысында.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан Ақтаевтың айтуынша, қалада төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ.
Ауада максималды рұқсат етілген концентрация мөлшерде болғандықтан, төтенше жағдай жариялайтын себеп жоқ, – деді ол брифинг барысында.
Дегенмен Атыраудағы ауа сапасының нашарлауына байланысты соңғы апта Атырау қалалық №7 емханасына екі тұрғын жағдайының нашарлағанын айтып хабарласқан. Мұны брифинг барысында аталған емхананың басшысы Гүлнафис Танбаева растады.
Соңғы аптада ауа ластануына байланысты сұрақтар көп қойылып жатыр. Күлмен улану денсаулыққа зиян туралы айтар болсақ, әсіресе созылмалы аурулары бар науқастардың ауруы өршуі мүмкін. Өкпе, тыныс жолдары ауыратын адамдарда асқынуылар болады. Бұл жағдай тікелей әсер етеді. Қазірге дейін біздің емханаға ауа ластануына байланысты денсаулығы нашарлаған екі адам хабарласты. Қазір облыс бойынша диспансерлік есепте әртүрлі аурулардың себебі бойынша 130 мың адам бар. Оның ішінде өкпе және тыныс алу жолдарының аурулары бойынша біздің емханада 7 мың науқас тірлкеген. Аурудың алдын алу үшін терезелерді жауып, көшеге шықпай, маска киюге кеңес береміз. Жұмыста, үйде ауаны желдету, ылғалдандыру арқылы, респираторлар қолданғаны дұрыс, – дейді емхана басшысы Гүлнафис Танбаева.
Айта кетелік, Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде қаланы түтін басқанын, дем алу мүмкін еместігін айтып шағымданып жатыр. 3 сәуірде Атырауда оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды.