Астанада өткен Autism Talks іс-шарасына 200-ден астам ата-анасы қатысты
Астанада «Autism Talks: ерекше балаcы бар отбасылардың жігер берер оқиғалары» атты ерекше балалы ата-аналардың мотивациялық кездесуі қатарынан екінші жыл өтті. Жиынға аутизм белгілері бар және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балалардың 200-ден астам ата-анасы қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда аутизм белгілері бар 9 мыңнан астам бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизм белгілері бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады. Аутизм ерте балалық шақта көрінеді және жынысқа, нәсілге немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты емес. Аутизм үшін салттық мінез-құлық, күнделікті қарым-қатынас жасау, өзара әлеуметтік әрекеттесу қиынға соғуы тән. Дегенмен аутизм бар балалар мектепте ойдағыдай оқи алады, қоғамның өміріне қатыса алады. Бұл мүмкін болу үшін балаға жастайынан білікті мамандардың көмегін қамтамасыз ету қажет.
«Осындай форматтағы іс-шараны біз алғаш рет өткен жылы өткіздік және ол ерекше балалардың ата-аналары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сондықтан біз шараны дәстүрлі түрде өткізуді жөн көрдік. Біз ата-аналар қолдау іздеп келе алатын, аутизм бар балаларды тәрбиелеп отырған басқа ата-аналардың әңгімелерін біле алатын кеңістік құрудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Сондай-ақ іс-шарада ата-аналар аутизм бойынша үздік отандық сарапшылардың пікірін тыңдап, қандай әдістемелер шынымен жұмыс істейтінін, ал қайсысы жұмыс істемейтінін түсіне алады. «Autism Talks»-қа қатысу ерекше балалардың ата-аналарына көп уақытты, тіпті ақшаны үнемдеуге көмектеседі. Тыңдаушылар баланың диагнозын мүмкіндігінше тез қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін, ерекше балалармен жұмыс істеуде қандай әдістер шынымен тиімді екенін, бірінші кезекте не істеу маңызды екенін үйренеді және ең бастысы олар бұл білімді өз тәжірибесі негізінде үйренген адамдардан естиді. Ата-ананы қолдау мәселесінде, менің ойымша, ең маңыздысы – психологиялық қолдау. Біз үкіметке халықтың психикалық денсаулығын қолдау бағдарламаларын белсенді түрде жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Іс-шараның маңызды тақырыптарының бірі адвокация бағытының қағидаттарын білудің маңызы туралы сөз сөйлеген «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабайдың айтуынша, ата-аналар өз өмірлері мен балаларының өмірін жақсы жаққа өзгерте алатынын көбіне түсіне бермейді.
«Сұрақтар көтеру, шешімдерді ұсыну әр ата-ананың қолынан келеді және заңгерлік білім алудың қажеті жоқ. Адвокация қиын емес екенін түсіну маңызды. Ең бастысы ниетіңіз күшті болуы керек. Егер біз, ерекше балалардың ата-аналары, қоғамдағы өзгерістерге бастамашылық жасамасақ, мемлекетке өз тілегімізді, өтінішімізді айтпасақ, ешқандай өзгеріс болмайды. Адвокациядағы ең маңызды нәрсе – нақты нені өзгерткіңіз келетіні үшін нақты мақсаттар мен міндеттер қою. Екіншіден, сіздің мәселеңізді шешу жолдары болуы керек және оларды ұсыну қажет. Үшіншіден, сіздің мәселеңізді қай мемлекеттік орган шеше алатынын нақты түсіну маңызды. Адвокация әртүрлі деңгейде: жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де, үкімет пен тиісті министрліктер деңгейінде де жүргізілуі мүмкін», – дейді Светлана Ордабай.
Айта кетелік, 2008 жылдан бастап, жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде әртүрлі ақпараттық науқандар мен акциялар өтеді.
Аутизм туралы ақпараттандыру шеңберінде «Болашақ» Қоры 2023 жылғы сәуірде бірқатар іс-шараларды, оның ішінде икнлюзияны қолдау барлық кабинеттерінде сынып сағаттары мен конкурстарды, «Run for Autism» қайырымдылық жүгіру және басқасын жоспарлады.
Аталған жиынды өткізуге бастамашы болған «Болашақ» қоры Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде 70-тен астам сапалы ұсынымдар мен түзетулер енгізді. Оның ішінде мектептерде педагог-ассистент лауазымы пайда болды. Педагог-ассистентке еңбекақы төлеу шарттары жақсарды, сонымен бірге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға мектептерде жағдай жасамағаны үшін бірінші басшының жауапкершілігі бекітілді. Мінез-құлқында бұзулышылықтар бар балалар саны 4-тен артық болғанда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу бойынша мектептердің міндеттемесі бекітілді.
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн аутизм бар балалардың мәселелеріне назар аудару мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2007 жылғы желтоқсанда белгіленді. Бас Ассамблеяның қарарында аутизм бар балалардың үлесі жоғары болғанына алаңдаушылық білдірілген, ерте диагностикалау мен тиісті тексеруден өтудің маңыздылығы көрсетілген.