Алматыда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды
Оны қинап өлтіруі мүмкін
Остроумова көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шықты. Өрт туралы хабарлама 101 пультіне кешкі сағат 21:00 шамасында келіп түскен.
Өртті ауыздықтағаннан кейін бөлмелердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылды. Кейін оның үйдің иесі, 38 жастағы К. есімді азамат екені анықталды. Бұрын жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Бірақ денсаулығына байланысты бірнеше айдан бері еш жерде жұмыс жасамаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, адам өліміне – мойынның кесілген жарақаты, сол жақтағы кеуде тұсындағы пышақ жарақаты, іштің және сол жақ бұғана аймағындағы пышақ жарақаттары себеп болған. Одан кейін мәйіт өртелген. Тергеу барысында 44 жастағы П. есімді азамат анықталды. Ол қылмыс жасалмас бұрын жәбірленушінің үйіне қонаққа келген, – деді Түрксіб аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Мейірхан Жаңабаев.
Ер адамдардың алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Олардың арасында жанжал туындап, оның барысында П. есімді азамат үй иесін бірнеше рет пышақтаған.
«Қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті үйге өрт қойған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Жауап алу кезінде ұсталған адам ас үй пышағын бірінші болып үй иесінің ұстағанын, ол оның қолынан жұлып алып, оған бірнеше рет өлімші соққылар жасағанын айтты. Кісі өлтірудің нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады», – деді Жаңабаев.