Ақмола облысында ұрланған көліктерді тіркеп, сатқандар сотталды
Олар жалған құжат жасаған
Ақмола облысында ұрланған көліктерді тіркеп, сатқан бір топ адам сотталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
ҚМА облыстық департаменті 2020-2021 жылдар аралығында Ресейден Қазақстанға заңсыз жолмен автомобильдерді әкелген адамдардың әрекетін әшкереледі.
Олар алдын ала келісім бойынша іздеудегі көліктерді Ресей Федерациясында сатып алған. Содан кейін оларға жалған құжаттар жасап, соның негізінде шекарадан іс жүзінде өтпей, Қазақстанда тіркеген. Құжаттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірін алған соң, шекарадан өтіп, сатып отырған, - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімімен үш адам 6, 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.