×

Сovid-19: Қазақстан шекарасынан өтуге қойылған шектеулер алынып тасталмақ

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты бірқатар шектеу алынып тасталады

 Қымбат Елтайқызы 07.04.2022 | 09:47
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері және өңірлердің басшылары қатысты.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескеріп, Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия биылғы 11 сәуірден бастап Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен құрлықтағы өткізу пунктерінде Қазақстан азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады, – дейді үкімет.

Сондай-ақ әуе қатынасы арқылы Қазақстан мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге қойылған барлық шектеу алынып тасталады. Бұл ретте қазақстандықтар мен Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге және шетел азаматтарына ПТР әдісімен COVID-19-ға тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау паспорттары өзара танылған жағдайда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың, ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы құжатты/паспортты міндетті түрде ұсыну жөніндегі талап сақталады.

«Вице-премьер өз сөзінде мемлекеттік шекараны ашу мәселесі мемлекет басшысының тұрақты жеке бақылауында екенін айтты. Отырыс соңында Тоғжанов әкімдіктерге коронавирусқа қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті», – делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама