×

Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған экс-министр апелляциялық шағым түсірді

Бұрын қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов сот шешімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды

 Халық үні 02.04.2023 | 17:04
фото: Halyq Uni

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Inform.kz-тің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталған М.Бектанов пен оның адовкаты А.Подушкин сот үкіміне қатысты шағым түсірді. Іс әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына жіберілді, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды.

2022 жылдың 19 қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес барысында президент Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрін сынға алып, Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын, министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмағанын ашық айтты.

2022 жылдың 19 ақпанында Бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

2022 жылғы 20 ақпанда Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама