Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жауапқа тартылды

Мекемелерде 30-дан аса бұзушылық анықталды

 Динара Амантай 01.04.2023 | 13:21
Павлодар облысында жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жауапқа тартылды
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Павлодар облысында кеше облыс әкімдігінде әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Дархан Құрақбаев атап өткендей, талдау нәтижелері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында 30-дан аса бұзушылық анықталды. Мысалы, бизнесті дамытуға мемлекеттік гранттар беру бойынша гранттық қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аудару, бір қатысушыға екі рет грант беру, сондай-ақ тұрақты жұмыс орны бар тұлғаларға гранттар беру фактілері бар. Осы бұзушылықтар үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 адам қызметтен босатылды.

Әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша 20-дан аса бұзушылық анықталып, оның 14-і расталды. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының 8 қызметкеріне қатысты тәртіптік жаза қабылданды және 4 қызметкер қызметінен босатылды.

Мысалы, Екібастұзда жұмыспен қамту орталығы шаруа қожалықтарының біріне шын мәнінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған және фермер ретінде жұмыс істей алмаған адам жұмысқа орналастырылған. Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіні осы жылдың соңына дейін 420 мың теңге сомасында заңсыз төленген субсидияларды өтеуге міндеттеді. Тағы үш азамат іс жүзінде Екібастұз және Павлодар қалаларының жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастырған объектілерде жұмыс істемеген, ал олардың жалақысы шамамен 1 млн теңге сомаға субсидияланған. Осындай фактілер Железин ауданында да болған.

Сонымен қатар, Дархан Құрақбаевтың айтуынша, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша қоныс аударушыларды бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейді. Осыған байланысты бейінді басқармаға жалға берілетін тұрғын үйге субсидия беру рәсімін егжей-тегжейлі регламенттеу ұсынылды.

Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша, өңір басшысы Асайын Байханов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына және қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық ұсынымдардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандарын тарта отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне егжей-тегжейлі ішкі талдау жүргізуді тапсырды. Бұдан басқа, бейінді басқармаға бизнес-жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия отырысында міндетті бейнетіркеуді ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ қоныс аударушылар мен қандастардың облыс аумағында тұру-тұрмауына оңтайлы мониторинг жүргізу тетігін айқындау тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама