Ақтөбе облысында 8 адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды

Динара Амантай

Ол 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды

Фото: Halyq Uni

Мұғалжар аудандық сотында абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзды деген айыппен сотқа берілген азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, іс материалдарына cәйкес жүргізуші «ВАЗ-21140» маркалы автокөлікті басқара отырып, «Ақтөбе – Астрахань» тас жолының бойына шығу барысында жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұза отырып, басты жолда келе жатқан көлікке назар аудармай,  «LADA Largus» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Бұл ретте соңғы автокөлік қозғалыс бағытын еріксіз қарама-қарсы бағытқа өзгертіп, «Kia Sorento» автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиға орнында 5 адам қаза тауып, аудандық ауруханада 3 адам қайтыс болған.

Сот отырысында сотталушы тағылған айыпты толық мойындады.

Сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жәйлар ретінде сотталушының жасаған қылмыстық іс-әрекетіне шын жүректен өкінуін және келтірілген материалдық, моральдық шығындарды өтегенін таныды. Сонымен қатар сотпен сотталушының денсаулық жағдайы назарға алынды (3 топтағы мүгедектігі және онкологиялық ауру).

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, соттың үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі белгіленген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.