Halyq Uni логотип
×

«Сепаратизмнің айқын көрінісі»: Абзал Құспан Петропавлдағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында

 Ая Өміртай 31.03.2023 | 17:05
«Сепаратизмнің айқын көрінісі»: Абзал Құспан Петропавлдағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Коллаж: Halyq Uni

«Қазақстаннан тәуелсіздік алдық» деп жариялаған Петропавлдағы жағдайға қатысты Мәжіліс депутаттары қол жинап, Бас прокуратура назарына жолдады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған жағдайды «сепаратистік әрекет» деп атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Петропавлдағы жағдай бойынша Бас прокурор атына депутаттардың қолын жинап, хат жолдадық. Міндетті түрде назарымызда ұстап, бас прокуратурамен хабарласып, осы мәселенің ары қарай жүзеге асуын қадағалайтын боламыз. Осыған дейін мұндай мәселелер қадағалауға алынбай келді. Қадағалаушы орган – прокуратура, тергеуші орган – ұлттық қауіпсіздік комитеті. Біздікі қоғамдық бақылау болып есептеледі. Халық атынан сайланған депутат болғандықтан, шешім шығаратындай мүмкіндігіміз жоқ», – деген Мәжіліс депутаты бұл жағдайды «сепаратизмнің айқын көрінісі» деп бағалайтындығын жеткізді.

Оған ешқандай сараптаманың қажеті жоқ. Кешегі жағдай сепаратизмнің айқын көрінісі. ҚР қылмыстық кодекстің 180 бабы бірінші бөлігі бойынша сепаратистік әрекетке 7 жылға дейін жауапкершілік жүктеледі. Қоғамдық ұйым басшысы болса және БАҚ өкілдерін пайдалана отырып жасалған болса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген», – дейді Абзал Құспан Halyq Uni тілшісіне. 

Бас прокуратураның баспасөзге берген мәлімдемесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жедел-іздестіру шаралары басталғанын хабарлаған.

«2023 жылғы 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнеролик фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы күні облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды.   

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды.    

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етілуге жатпайды.

Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетелік, Петропавлдың белсенділері деп аталған бір топ адам өздерін Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған.

«Біз Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының жұмыс істейтін еркін тұрғындары, ерлер мен әйелдер Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізде өмір сүруге қолайсыз жағдайлардың туындауына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің дәрменсіздігі мен абыройсыздығына байланысты өзіміздің мүлкіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне толық сенімсіздік жариялаймыз. Біз өзімізді тәуелсіз және егемен деп жариялаймыз», – деді топ мүшесі желіде жарияланған видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама