Қаланың бас полицейі тұрғындар алдында есеп берді
Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров қала тұрғындарының алдында есеп беріп, көшедегі кептелісті шешу мәселесі туралы айтты. Ол Алматыда 2,1 миллионнан аса адам тұратынын, қалада 550 мыңнан аса көлік тіркелгенін айта келіп, қалаға кіріп-шығатын көліктердің ағыны тәулігіне 250 мыңға жететінін атап өтті.
Қаланың бас полицейінің пікірінше, қарбалас уақытта жол полициясының қызметкерлері негізгі магистральдық көшелерді қолмен басқаруға ауысатын болады. Осыны қызметкерлерге үйрету үшін қосымша оқыту жүргізіледі. Сонымен бірге басқа көліктердің өтуіне кедергі келтіретін жүргізуші болса, тиісті жазасын алады. Осының бәрі аз да болса көлік кептелесін азайтуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын, жол-көлік жарақаттары мен адам өлімін азайту мақсатында күн сайын талдау жүргіземіз. Соның негізінде қауіпті аймақтар патрульдеу арқылы күшейтіледі. Қалалық мобильділік басқармасымен бірлесіп, жол инфрақұрылымы жетілдіріліп жатыр, – деді Арыстанғани Заппаров.
Оның айтуынша, былтыр Алматы жолында 1 млн 348 мың 981 жол қауіпсіздігі ережесін бұзу анықталған. Сот үкімімен 3 630 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды. 2 610 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Қауіпті жүргізушілерді анықтаудың тиімді құралы – «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» жүйесі. Ол жалған нөмірлі көліктерді, көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді, қылмыстық көліктерді, айыппұл төлемейтіндерді және тағы басқаларды автоматты түрде анықтайды.