×

«Аталарының атына көше сұрайды»: Астанада көше атауына кімдердің есімі беріліп жатыр

Басқарма басшысы көше атауына лобби жасайтындар бар екенін айтты

 Айнұр Шошаева 31.03.2023 | 16:40
Коллаж: Halyq Uni

Астанада атауы бар көшелердің 92-93 пайызы қазақтың тарихи тұлғалары мен жер су аттарымен аталады. Бүгінде көшеге атау беру жағынан Астана республика бойынша ең белсенді өңірдің бірі болып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, елордадағы 97 мектептің 44-не атау берілген. Алдағы тағы алты мектепке тарихи тұлғалардың есімі берілуі мүмкін. 

«Былтырғы жылдың соңында 6 мектепке атау беру мәселесін талқылап, Үкімет жобасына дейін дайындаған едік. Оның ішінде Талғат Бигелдинов, Темірбек Жүргенов, Ақжан әл-Машани, Мағжан Жұмабайұлы, Қадір Мырза Әли, Тәттімбеттің есімдері болған. Барлық инстанциядан өтті: қалалық ономастикалық комиссия, республикалық ономастикалық комиссиясы, қоғамдық кеңес пен мәслихатта өтіп, 5 министрліктің жазбаша келісімін алып, Үкімет қаулысын дайындаған кезде бір кедергі болды. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік функцияларды министрліктің деңгейінен жергілікті жерлерге беру жұмысы істеліп жатыр. Бұрын мектепке атау беру Үкіметтің қаулысымен бекітілетін болса, енді қалалық әкімдік пен мәслихаттың немесе министрліктің деңгейінде шешілуі мүмкін. Сондықтан құзыретті беру мәселесі шешілсін деген соң күтіп отырмыз», – деді ол. 

Бұдан бөлек, елордалық ономастикалық комиссия мектептерге Шәкен Айманов, Қасым Қайсенов, Әлімхан Ермекұлын, Шерхан Мұртаза, Сұлтанбек Қожанов, Тұрсынбек Кәкішевтің есімін беру туралы ұсыныс түсіп, қолдау тапқанын айтады. 

Қазір шешім жергілікті деңгейде әлде республкалық деңгейде қабылдана ма, деп күтіп отырмыз. Сонымен бірге оқу ордаларына Дулат Бабатайұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Кәрім Мыңбаев, Сағадат Нұрмағамбетов пен Амангелді Иманұлының есімін беру туралы нақты ұсыныстар бар. Құзыретті беру мәселесі шешілген соң, нақты шешім қабылдаймыз, – деп толықтырды басқарма басшысы.

Бүгінде басқарма қала көшелеріне атау беру жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Бүгінде 1127 көшеге ат берілген, оның 17-і даңғыл. 

Жыл басынан бері 52 көшеге жаңа атау беру туралы ұсыныс түсті. Жалпы елордадағы атау бар көшелердің 92-93 пайызы қазақтың тарихи тұлғалары мен жер су аттарымен аталады. Көшеге атау беру жөнінде Астана - республика бойынша ең белсенді өңірдің бірі, – деді Сәкен Есіркеп. 

Сонымен бірге басқарма басшысы көшеге атау беру кезінде жиі кездесетін қиындықтарға тоқталды. 

«Бірнеше факторды атап өтуге болады. Мәселен, өзінің атасына, туған- туысына, жерлесі немесе руласының атын көшеге беруді ұсынатындар өте көп. Тіпті бір емес, топтасып лобби жасайтындар бар. Үлкен басшылар, белсенді, беделді тұлғалар арқылы шығатын кездер болады. Бірақ ономастикалық комиссия талқылап, нақты лайықтыларына ғана беруге тырысады. Сонымен қатар, біз қандай тарихи тұлғаның аты берілді және елге белгілі, тарихта орны бар қандай тұлғаның аты берілмегеніне талдау жүргізіп отырамыз. Мүмкіндігінше бұған дейін аты берілмеген, тіпті іздеушісі жоқ «осыған көше беріңіздерші» деп сұрау салмаған тұлғаларды ескеріп, тарихи әділеттілікті орнатуға тырысамыз», – деді спикер. 

Оның сөзінше, комиссия көшенің тұлғаның атына лайықты болуына баса мән береді. 

Бұрындары кейбір тұлғалардың аты қысқа көшелерге берілген. Соларды лайықты көшелерге біртіндеп ауыстырып жатырмыз. Мысалы, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы көше вокзал жақта, ұзындығы 150-200 метрге дейін жетпейтін қысқа болатын. Cондықтан оның есімі «Нұрлы жол» вокзалы жақта үлкен көшеге берілді. Сондай-ақ Мәншүк Мәметова көшесі бұған дейін 80 метрге дейін ғана болған, оны сол жағалауға ауыстырдық. Тағы бір проблема -  бізде ҰОС ардагерлері көп, солардың ұрпақтары аталарына көше сұрайды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі хат жазады. Кейде «пәленбай адамды митингке алып шығам, шағымданам» деп бопсалайтындар кездеседі. Оның бәріне көшені қайдан тауып береміз? Мүмкіндігінше түсіндіреміз, – деп қосты басқарма басшысы. 

Ономастикалық комиссия заңға сәйкес, атауды елді-мекен, көше, мектеп, әлеуметтік нысандарға ғана бере алады. Заңнамада саяжай учаскелеріне атау беру мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан бүгінде елорданың айналасындағы саяжай кооперативтеріндегі көше атауларын ауыстыру мүмкін болмай отыр. 

«Қаланың сыртындағы саяжай учаскелерінде Яблочная, Вишневая, Грушевая дегендей атаулар өте көп. Себебі ономастиканың заңдылығы бойынша біз атауды тек нақты көше, елді мекен, мектеп, мемлекеттік нысандарға береміз. Ал саяжайларға атты ресми бере алмаймыз. Өйткені олардың  көше деген статусы жоқ. Сол кооперативтің тұрғындары әртүрлі аттарды қойып алып, оны Google, Yandex картаға енгізіп қояды. Бұл мәселені ұдайы көтеріп келеміз. Кооператив иелерімен кездесіп, қазақы аттарды ұсынып түсіндіру өткіземіз», – деп қорытындылады сөзін Сәкен Есіркеп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама