«Қателесуім де мүмкін...»: Қайрат Боранбаев соттағы соңғы сөзін айтты
Прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Қайрат Боранбаев соттағы соңғы сөзінде судьяның заңды үкім шығаратынына сенім білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Құрметті судья, үстіңіздегі қара мантия сіздің заңның өкілі екеніңізді көрсетеді. Бізге қатысты істе ортада жасалған мәміленің тек коммерциялық мәні бар. Тергеу басталғаннан бері «АзияГазЧунджа» мен Qazaq Gaz арасындағы мәмілені коммерциялық және заңды деп санадым, алайда мен қателескен болуым да мүмкін. Сол себепті егер мемлекет Qazaq Gaz арқылы осы мәміле салдарынан шығын келді деп есептесе, мен тапқан табысымды қайтаруға дайынмын. Тергеу барысында солай жасалды. Қазір шығын жоқ, ол толық көлемде өтелді. Мен заңды шешім қабылданады деп үміттенемін», - деді Қайрат Боранбаев.
Айта кетейік, Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов, Тайыр Жанұзаққа қатысты іс Астанада Сарыарқа ауданының №2 сотында қаралып жатыр.
Соттағы соңғы сөзінде сотталушы Роман Наханов айыптау тарапының нақты дәлел келтірмегенін айтты.
Осы уақытқа дейін айыптаушы тарап біздің кінәмізді растайтын ешқандай дәлелдер келтірген жоқ. Ал тергеудің жинаған ақпаратын адвокаттар дәлелдер арқылы теріске шығарды, - деді Наханов.
Ал сотталушы Жанұзақ өзінің бұл істе кінәсі жоқ екенін айтты.
Бұған дейін Астанада прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.
«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.
Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.