Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда есірткі тасымалдайтын трансұлттық арна жойылды

Олар арқылы негізінен синтетикалық есірткі жеткізіліп отырған

 Халық үні 06.04.2022 | 14:59

Ішкі істер министрлігі синтетикалық есірткі тасымалдайтын трансұлттық арнаны жойды.

ІІМ қызметкерлері есірткі жеткізу арналарының жолын кесу мақсатында шекаралас мемлекеттердің есірткіге қарсы ведомстволарымен тығыз ынтымақтастық ұйымдастырған. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында жарты жыл бойы есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізілді. Шетелден синтетикалық есірткі ерітіндісі бар сәлемдемелерді алып отырған Қазақстанның 5 азаматы анықталды. Олар өндіріс процесінде сұйықтықты бу арқылы кептіріп, құрғақ өнім алып отырған. Осылай синтетикалық есірткілерді аса ірі мөлшерде сату үшін бөліп дайындаған, – дейді полиция.

Департамент бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің түсіндіруінше, соңғы жылдары синтетикалық есірткілер мен оларды өндіруге арналған құрамдас бөліктерінің шекаралас мемлекеттерден жеткізілетінін ескеріп, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық басым бағыт ретінде айқындалды. Осылайша, биылғы 3 айда ғана қазақстандық полицейлер осындай өзара іс-қимыл шеңберінде шетелдің есірткіге қарсы құрылымдарынан ақпарат алғаннан кейін қылмыс жасау барысында 9 адамды ұстаған. Заңсыз айналымнан 8 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Осы жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер органдары барлығы 695 есірткі қылмысын, оның ішінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтаудың 133 фактісін, контрабанданың 30 фактісін, притон ұстаудың 5 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Оның ішінде 900 грамға жуық героин, 42 келіден астам синтетикалық есірткі. Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау облысы аумағында есірткі сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында 8 есірткі зертханасы жойылды. Есірткілерді жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша 33 әрі интернет арқылы өткізу фактілері бойынша 10 сотқа дейінгі өндіріс тіркелді. Есірткі тарату туралы ақпаратты қамтитын 565 веб-сайт, аккаунт пен басқа ресурстар анықталып, бұғатталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама