Қызылсуат ауылында жарық бар, әкімдік арызын қайтарып алған: сонда бес адам не үшін 8 жылға сотталды?

Ербол Тұрымбет

Адвокаттар электрмен қамтамасыз ету жүйесі үшін сотталған азаматтарға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді

фото: Halyq Uni

Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қызылсуат ауылындағы электрмен қамтамасыз ету жүйесі құрылысының арты экономикалық тергеушілердің назарына ілігіп, іс сотқа жетіп, аудан әкімдігіндегі бөлім басшысы мен мердігер компания өкілдері қамалған еді. Бес бірдей адам 1 жыл 3 айдан бері тергеу изоляторында жатыр. Олардың заңсыз қамалғанын айтқан адвокаттары арнайы баспасөз мәслихат өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

Ең қызығы, жұмыс толығымен орындалып, тапсырыс беруші тарап қабылдап алған. Қазір ауыл халқы рахатын көріп, электр қуатын тұтынып отыр екен. Адвокаттардың айтуынша, осы нысанға тапсырыс беруші жергілікті әкімдік те кейін ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеп, арызын қайтарып алған. Алайда, прокурорлар мемлекетке залал келтірді деген бастапқы айыптауынан танар емес. Бұл жерде де бір қызық жағдай болып отыр. Осы құрылыста зардап шекті деген әкімдік ешқандай зардап шекпегенін айтып, арызын қайтарып алады. Алайда, прокуратура әкімдік зардап шекті деген бастапқы уәжінен қайтпай отыр. Ал сот прокурордың сол айғағын негізге алып, бес адамға 7-8 жылдан үкім шығарған.

Мәселенің өзі сонау 2013 жылдан басталады. Қызылсуат ауылын электрмен қамтамасыз ету жүйесін салу үшін жобалық-сметалық құжаты жасалып, жоба әуелде 1,3 млрд теңгеге бағаланады. Айыптау актісі бойынша, сол ақшаны талан-таражға салды деп, басқарма басшысы мен мердігерлердің мойнына іліп отыр.

Адвокат Гүлзейнеп Сұлтанова сотқа дейінгі тергеу мен соттың айыптау үкіміндегі деректердің дұрыс еместігін айтады. Мысалы, нысан 377 млн теңгеге салынған деп жазылған. Ал ондағы бір подстансаның өзі жеткізіп берушіден 425 млн теңгеге сатып алынған.

Мұндай түсінбеушіліктің себебіне келсек, жоба 2013 жылы әзірленгенімен, құрылыс 2017 жылы басталған. Қорғаушының сөзінше, осы 4 жыл аралықта материалдар мен логистика бағасы қымбаттаған. Ақырында мердігерлер іске кіріскен кезде нысанды нақты жобада көрсетілгендей етіп салу мүмкін емес болып шыққан. Сондай-ақ, адвокат тағы мынадай маңызды жайттарға назар аудару керек екенін айтады.

Біріншіден, құрылыс барысында жобаның өзі электрмен қамтамасыз ететін жүйенің критерийлеріне сай келмейтіні анықталған. Оны сот отырысында энергетика маманы мен техникалық бақылаушы растаған. Соған байланысты мердігерлер жобадағы өзгерістерді жергілікті әкімдікпен қайта келісіп алуға мәжбүр болады. Ол жөніндегі техникалық жиналыстың хаттамасына тапсырыс беруші, яғни, әкімдік, мердігер, техникалық және авторлық бақылаушылар қол қойған. Сол келісім бойынша қондырғылар алмастырылады. Енді сол жаңа қондырғылар жобада көрсетілмегендіктен тергеу органы мен сот оны есепке алмай отыр екен. Яғни, қондырғы орнатылған, қазір жұмыс істеп тұр. Алайда, адвокаттар сот барысында оған ешкім мән бергісі келмейтінін айтады.

Адвокат Мәкіш Есқараевтың айтуынша, тәуелсіз сарапшы Қалелов орнатылған қондырғының техникалық мүмкіндіктері барлық талапқа сай келетінін, тіпті кей жағдайда мүмкіндіктері көрсетілген межеден асып түсетінін айтып, сараптама берген. Сот тыңдауы барысында оның бәрі айтылған.

Алайда тыңдаудан кейін тергеуші сол Қалеловқа келіп, қорытындысын өзгертуді талап еткен, дейді Мәкіш Есқараев.

Себебі, ол прокурорларға жақпайтын болған. Сарапшы Қалелов сосын амалсыз тергеушілердің талап етуімен солардың, яғни Ақмола облысы экономикалық тергеу қызметі мен облыстық прокуратураның қалауына сай етіп, екінші рет қорытынды жасап берген. Ал енді сот үкімінде осы қорытындының екі рет жасалуы туралы бір ауыз сөз жоқ, - дейді ол.

Адвокаттардың сөзінше, әкімдік арызынан бас тартқанымен, прокурорлардың алған бетінен қайтпай отырған қызық жағдайына себеп бар. Егер бес адам ақталып шығатын болса, сол бесеуінің осынша уақыт қамауда жатқаны үшін біреу жауап беруі керек. Ол не қылмыстық қудалау органы, не келісім берген прокурор, болмаса санкция шығарған соттың өзі болмақ.

АНЫҚТАМА ҮШІН:

2023 жылдың 27 қаңтарында сот үкімі бойынша Целиноград ауданы тұрғын үй инспекциясы мен коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Жаңабергенов 8 жылға, «Ремстройсервис» ЖШС иесі Азамат Төлегенов 8 жылға, «Ремстройсервис» ЖШС директоры Маржан Бекбай 7 жылға, «Ремстройсервис» ЖШС директорының орынбасары Александр Тиманов 7 жылға, қосымша мердігер «MS Energy» ЖШС басшысы Шалқар Төлегенов 7 жылға бас бостандығынан айрылған еді.