Алматыда тариф бағасын негізсіз өсірген монополист жауапқа тартылды

Динара Амантай

Одан 78 млн теңге айыппұл өндірілді

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы прокуратурасының қатысуымен тауарлық газға тариф төмендетілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша «APL Construction» ЖШС-інде бекітілген тарифтік сметаның бұзылуы, сондай-ақ орамішілік газбен жабдықтау желілеріне қосылу кезінде үстем жағдайды теріс пайдалану анықталған.

Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша тариф 1 мың текше метр үшін 6 362,77 теңгеден 5 999,08 теңгеге дейін (5,7%) төмендетіліп, 184 млн теңге сомасына өтемдік тариф енгізілді. Сондай-ақ монополист ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабы 3-1 және 164-бөлігі 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, одан 78 млн теңге айыппұл өндірілді.

Қабылданған шаралармен Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарындағы 11 мың тұтынушының құқықтары қорғалды. Олардың 300-ден астамы – кәсіпкер.