Ертіс өзенінде балықшы құтқарылды
Екі адам құтқарушылар келгенге дейін батып бара жатқан жігітті ұстап тұрған
Павлодар қаласында Ертіс өзенінде мұз ойылып кетіп, балықшы құтқарылды. Оның мұзға түсіп кеткенін өзен жағасынан өтіп бара жатқан адамдар байқаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сол кезде екі ер адам көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп қалған. Олардың бірі «Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері С.Маймаков болған. Ол дереу 112 құтқару қызметіне қоңырау шалып, мұзға адамның түсіп кеткенін айтқан.
Содан кейін екеуі жол бойынан ұзын таяқ тауып алып, мұзға қарай жүгіріп, құтқарушылар келгенге дейін батып бара жатқан балықшыны ұстап тұрған. Оқиға орнына келген құтқарушылар құтқару тақташасы мен құтқару құрылғыларының көмегімен балықшыны жағаға шығарып алып, көмек көрсету үшін келген медицина қызметкерлеріне тапсырды.
Құтқарушылар мұзға шықпауға, әсіресе көктем мезгілінде өз өмірлерін тәуекелге тікпеуге кеңес береді.