Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 3 курсанттың отбасына баспана беру мәселесі сәуірдің соңында шешіледі
Қаза тапқан құқық қорғау органдарының 13 қызметкерінің жақындарына баспана берілген
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юлия Кучинская қаңтар оқиғасында қаза тапқан шекарашыларыдың отбасына баспана беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Алматыда 5 шекарашы қаза тапты. Оның үшеуі - курсант. Президент жарлығымен олар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Олардың артында отбасы, ата-анасы мен аға-бауырлары қалды. Заңға сәйкес оларға 500 АЕК мөшлерінде бір реттік өтемақы беріледі. Бүгінгі күні бұл 1500 млн теңгеден сәл ғана асатын сома шығады. Өңірлерді аралау кезінде Алматыда қаза тапқан ҰҚК Шекара академиясының курсанттарының отбасына баспана беру мәселесі көтерілді. Бұл мәселе Үкіметте талқыланды ма және қандай шешім қабылданды?» - деді депутат сауал жолдап.
Вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, қаңтар оқиғасында қаза тапқан шекарашылардың отбасына баспана беру мәселесі 25 сәуірге дейін шешіледі.
«Бұл Үкіметтің ерекше бақылауындағы мәселе. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде біз құқық қорғау органдарының 19 қызметкерінен айырылдық. Оның ішінде Шекара академиясының үш курсанты бар. Қаза тапқан 13 қызметкердің мәселесі шешілді, баспана берілді. Қалған алтауының мәселесі бойынша өңір әкімдерімен жеке сөйлестім. Мәселе 25 сәуірге дейін шешіледі», - деді вице-премьер Ералы Тоғжанов.