Елімізде 130 жуық мамандық жойылып барады – вице-премьер

Айнұр Шошаева

Жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші әлі де жоғары

фото: ашық дереккөзден

Елімізде еңбек нарығында 129 мамандық жойылып барады. Бұл туралы бүгін мәжілістің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазір тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұл мәселені өздеріңіз де көтеріп жүрсіздер. Бұған қоса Қазақстанда 129 мамандық жойылып барады, 95-і трансформациялануда, 239 жаңа мамандық пайда болып жатыр. Оның ішінде 37-сі мұнай-газ саласында, 32-сі энергетикада, 11-і машина жасауда, 40-ы IT саласында, - деді премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмысқа тұрудың тиімді жолы ретінде Павлодар облысының 15 колледжі базасында «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленіп, тәжірибеден өткен.

«Нәтижесінде кадрларға қажеттіліктің 17 өңірлік картасы әзірленіп (экономиканың 9 негізгі саласы бойынша), қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ мектептерде 7 сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізілмек», - деп толықтырды ол.