Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бірауыздан оны қызметінен босатуды ұсынды
Павлодар облысында әкімді мас болғаны үшін қызметінен босату ұсынылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ержан Қарымсақов академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың әкімі Бауыржан Бозтаевтың жұмыста мас халде болғаны туралы мәліметті ауыл тұрғыны қалалық әкімдік төрағасының сенім телефоны арқылы жеткізгенін айтты.
Ал әкім бұл фактіні растап, себебін түсіндірген. Айтуынша, 15 наурызда академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылды су басу қаупі төнген. Шаруа қожалықтарымен бірге бірнеше сағат бойы суды бұру жұмыстарына қатысқан ол суық тиіп, «ем үшін» ішімдік ішкен.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бірауыздан Екібастұз қаласының әкіміне Бауыржан Бозтаевты қызметінен босатуды ұсынды. Айта кетсек, ол бұл қызметке биыл 30 қаңтарда келген.