Вячеслав су қоймасы сарқылып жатыр: Астана әкімдігі тапшылықты қалай шешеді?
Түнгі уақытта су беру шектеледі
Астананы сумен қамтамасыз етіп отырған Вячеслав су қоймасының мүмкіндігі таусылып жатыр. Бұл туралы бүгін кәсіпкерлермен кездесуінде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана әкімі қаланың инженерлік желілері соңғы жылдардағы қарқынды құрылысқа ілесе алмай жатқанын атап өтті.
«Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар шектеулер енгізіліп, тұрғын үйді жобалауға техникалық рұқсаттама беруге тыйым салынды. Инженерлік желілер мен қуаттар болмаса, үйді салуға рұқсат бере алмаймыз. Қазірдің өзінде 7 млн ш. м. үй салынып жатыр. 15 млн ш. м. үйді жобалауға рұқсат берілген. Мен коммерциялық және өнеркәсіптік нысандарды айтып тұрған жоқпын. Бұл қазіргі инфрақұрылымға үлкен салмақ салып отыр», – деді ол.
Сондай-ақ жылу тапшылығын қалай шешетініне тоқталды.
Жылу бойынша биыл 3-ЖЭО іске қосамыз. Бірінші кезеңде жыл соңына дейін 5 қазандықты тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оған қоса екі газ жылу стансасы салынып жатыр. Осылайша алдағы 3-4 жылдағы жылу тапшылығын шешеміз. Қосымша биыл газ жылу стансасының құрылысы басталды, – деп қосты.
Сонымен бірге, әкім қаладағы су тапшылығы қалай шешілетінін айтты.
«Қалада су тапшылығы бар. Түнгі уақытта су беру шектеледі. Қазір сорғы сүзгі стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңі шамамен маусым айында, екіншісі тамызда аяқталады. Соның арқасында сағатына қосымша 100 мың текше метр сумен қамтамасыз етеміз. Қазіргі тапшылық сағатына 30 мың текше метрдің шамасында. Сонда біз жаңа стансаның көмегімен алдағы бірнеше жылдың сұранысын жаба аламыз. Мұнымен қатар, жыл аяғына дейін төртінші осындай стансаның құрылысын бастауды жоспалап отырмыз. Мәселе стансада емес, су көзінде. Үшінші ССС Вячеслав су қоймасынан алатын болады. Аталған су қоймасының мүмкіндігі таусылып жатыр. Сондықтан су құбырын Сәтпаев каналына дейін жүргізуіміз мүмкін», – деді Жеңіс Қасымбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Астана су арнасы» МКК қалада су шектеп берілетінін хабарлаған болатын.
Қала халқының өсуіне және елорданың қарқынды дамуына байланысты ауыз су өндіру бойынша жобалық қуаттардың тапшылығы байқалады. Қазіргі уақытта «Астана Су Арнасы» МКК су қысымын реттеу бойынша шаралар қабылдауға мәжбүр, – деп хабарлаған еді мекеме.
Елордада күн сайын су 04:30-дан 09:30-ға дейін қысымы жоғары режимде, 09:30-дан 12:00-ге дейін төмен қысымда, 12:00-ден 14:00-ге дейін жоғары қысымда, 14:00-ден 18:00-ге дейін төмен қысымда, 18:00-ден 00:00-ге дейін жоғары қысымда, 00:00-ден 04:30-ға дейін төмен қысымда беріледі.
Бұл шаралар жаңа сорғы-сүзгі стансасы іске қосылғанға дейін қабылданады. Сорғы-сүзгі станциясының құрылысы 2021 жылдың күзінде басталды. Оның қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метрді құрайды. Жаңа ССС құрылысының аяқталуы - ағымдағы жылдың жазы, – делінген хабарландыруда.