Тұрғындар су, қауіпсіздік мәселесі шешілмейтін болса, ереуілге шығудан тайынбайтынын жеткізді
Елордадағы Қ.Рысқұлбеков 8 А мекенжайында тұрғындар ауыз суға жарымай отыр. Бір жылдан бері түнгі сағат 12-ден кейін су ақпайды. Су тек таңғы сағат 7-8 шамасында ғана қосылатын көрінеді.
Енді бірі тіпті ыстық судың жоғын айтып отыр. Тұрғындар оған жауапты «Астана Су арнасы» мекемесі құрғақ уәдемен тойдырып, әкімдік те мәселеге бейжай қарап отырғанын айтады.
Проблема тек ауыз суда емес, тұрғын үй маңындағы көнерген контейнерлер мен темір-терсек айналасы шприцтер мен арақ шөлмектеріне толған. Кешке нашақорлар мен қаңғыбастардың бас қосатын жері болғандықтан, балалар жағы аулаға шығуға қорқады.
Қала тұрғыны Данияр Жиенбаев бұл мәселе былтыр жаз айында жер асты құбырларын ауыстырғаннан кейін басталғанын айтты.
«Рамазан айында жағдайымыз қиындап кетті. Таңда ауыз бекітіп, намаз оқу үшін дәрет алу керек. Ал біздің үйде дәл сол кезде су болмайды. Пәтер иелерінің кооперативінің қайда жүргені белгісіз. Жүздесу мүмкін емес, қоңырау шалсақ, телефон көтермейді. Үйде анам және қарындасыммен тұрамын. Күндіз ыдыстарға суды толтырып аламыз. Одан бөлек күн сайын 5-10 литрлік 4-5 бөтелке су сатып алып отырмыз. Масқара ғой», - дейді Данияр Жиенбаев.
Толқын Жақыпова да көршісінің ойын қуаттап отыр. Кеш батса су беру тоқтап қалады екен.
«Жуыну мүмкін емес. Өйткені түнде су болмайды, күндіз ақырын ағады. 3-4 күннен бері кір жуа алмай отырмын. Оны «Астана Су арнасы» өкілдері қала халықының артуымен байланысты дейді. Оның бәрі – өтірік. Су жетіспесе, неге үй салады? Дәретхана сасып жатыр. Жаңадан салынған үйлерде мұндай мәселе жоқ. Тіпті, жазда су тоқтап қалуы мүмкін. Былтыр тамыз айынан бері бармаған жерім қалмады. Жауаптылар мәселемізді сөзбен емес, іш жүзінде шешіп берсін! Судың тарифі жыл сайын өсіп жатыр. Бірақ сапа жоқ», - деді Толқын Жақыпова.
Бұл мәселе бір-біріне іргелес салынған тағы 4 тұрғын үйге таныс жағдай екен.
«Бір жылдан бері суға жарымай келеміз. Жұмыстан үйге келсек, су болмайды. Бөтелкелерге су толтырудан әбден шаршадық. Әкімдікке талай жүгіндік, мәселеміздің шешілер түрі жоқ. Ауыз бекітер алдында бөтелкелердегі суға жуынамыз.
Одан бөлек, кешкісін балаларды аулаға шығаруға қорқамыз. Себебі қоқыс жәшігінің артындағы құбырлар астында қаңғыбастар жатады. Гараж, контейнерлердің саны ай сайын артуда, айналасы толған ине, бөтелке. Нашақорлардың ордасына айналып бітті. Ал қала әкімі Жеңіс Қасымбек біздің мәселемізді естімейді», - дейді Клара Сәкенқызы есімді тұрғын.
«Астана Су арнасы» өкілдері шаһар тұрғындарына «Суды үнемдеу керек, ауыз су тапшы!» деп ескертіп отыр. Таңғы, түскі және кешкі уақытта (халық жаппай тұтынатын кезең) су қысымы жоғары болады. Жауапты компания өкілдері бұған елордада халық санының өсуі мен қаланың қарқынды дамуы себеп болып отырғанын айтады.
Ресми мәліметке сәйкес, Астана халқы тәулігіне 318 мың текше метр ауыз су тұтынады екен. Ал, су қысымын реттеу шаралары жаңа су сорғылау-сүзгілеу станциясы іске қосылғанға дейін жалғасады. Оның құрылысы биыл жазда аяқталады деп жоспарланған.
«Астана Су арнасы» мекемесінің мәлімдемесіне сенбейтін тұрғындар жағы жақын арада су, қауіпсіздік мәселесі шешілмейтін болса, ереуілге шығудан тайынбайтынын жеткізді.