Halyq Uni логотип
×

20 проблемалық нысан бар: Астанада қала құрылысы кеңесі құрылады

Бас жоспарда көрсетілген әлеуметтік нысандардың жобасы өзгертілмейді

 Айнұр Шошаева 30.03.2023 | 13:05
20 проблемалық нысан бар: Астанада қала құрылысы кеңесі құрылады
Фото: Halyq Uni

Астананың Бас жоспарындағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының жиі өзгеруі салдарынан қалада 20 проблемалық құрылыс нысаны пайда болды. Бұл туралы бүгін кәсіпкерлермен кездескен елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni

Қазақстанның Құрылысшылар одағының жетекшісі Талғат Ерғалиевтың айтуынша, қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жиі өзгереді. 

«Астанада егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ) бар, бірақ ол үнемі өзгеріп тұрады. Біз Бас жоспарға енгізілген мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың өзгермегенін қалаймыз», – деді Ерғалиев. 

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қолданыстағы заңнамалар ЕЖЖ-ын жылына екі рет өзгеруге мүмкіндік беретінін айтты. 

Ерекше жағдайда қаланың қажеттілігіне қарай өзгерте аламыз. Келесі жобалау жоспарын маусым айында өзгертуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін желтоқсан айында өзгертіледі. Қажеттілік туындаған жағдайда, мәселен «Жайлы мектеп» жобасын алайық, бұл кезде жиі өзгертуге дайынбыз. Бұған заң рұқсат береді, – деді ол. 

Сондай-ақ ол енді Бас жоспарда көрсетілген әлеуметтік нысандардың жобасы өзгертілмейтінін атап өтті. 

«Бас жоспардағы әлеуметтік нысандардың жобасы көп пәтерлі тұрғын үйлерге (КТК) өзгертілмейді. Бүгінде қалада шамамен нақты 20 құрылыстың проблемасы бар. Оның бәрі сквердің жобасын КТК-ға, мектептің жобасын тұрғын үйге жиі өзгертудің салдарынан туындады. Ал сол маңайдың тұрғындары бұл құрылысқа қарсы. Сондықтан бұрын жоспарланған әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үй салу үшін ЕЖЖ өзгертілмейді. Бұл мәселеге мұқият қарайтын боламыз», – деп қосты әкім. 

Бұған қоса, ол қаладағы құрылысын бақылауда ұстайтын арнайы кеңес құрылатынын хабарлады. 

Сонымен қатар, қалада Қала құрылысы кеңесі құрылып жатыр. Оның құрамына беделді сәулетшілер, қоғам қайраткерлері, салалық қауымдастықтар мен құрылысшылар кіретін болады. Біз ЕЖЖ өзгерістерін ашық форматта қарайтын боламыз. Яғни, бұл кулуарлық түрде болмайды, – деп қорытындылады. Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама