Елімізде қазақша заң терминдерінің сөздігі құрастырылып жатыр
Maqsut Narikbayev University ұстаздары бүгінде қазақша заңдардың мәтініндегі қателерді анықтап, олардың дұрыс нұсқасын түсініктемесімен бірге келтіріп, сөздік құрастырып жатыр. Аударманың қиындығынан терминдер сан түрлі нұсқада аударылған. Ондай жайттар Конституцияда да, Кодекстерде де, заңдарда да көп кездеседі. Бұл кемшілікті түзеуді қолға алған заң ғылылымының мамандары қазақша заң терминологиясының сөздігін құрастыруға кіріскен. Жоба авторы қазақ тіліндегі заңдарда қателердің мың-мыңдап өріп жүргенін айтады. Ол қандай қателіктер? Сөздіктің қандай пайдасы бар? Оны жоба авторы, университеттің ассистент-профессоры Сағидолла Баймұраттан сұрадық.
– Алдымен сіздер қолға алған сөздіктің мақсаты не? Ол қандай мәселені шешеді?
– Университетте істеп жатқан жобаларымның бірі – қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздік.
Біріншіден, қазақша заң мәтіндері аударма болғандықтан, ішінде қате өте көп. Бұл қателердің болғаны қазақ тілінде білім алушыларға, заңгерлерге, басқа да заңды тұлғалар мен жұртқа түсініксіз. Сондықтан бұл сөздікте орыс тіліндегі ережелерін салыстыру арқылы келтіреміз.
Мысалы, «убытки» деген сөз болса, қазақшада бір жерде «залал», бір жерде «шығын», «зардап», «нұқсан» деп жүрміз. Сөйтіп, бір сөздің 4-5 аудармасы шығады. Енді қазақтілді заңгер үшін қайсы дұрыс деген сұрақ туады. Орыс тілінде бәріне түсінікті. Азаматтық кодекстің 9-бабында ол туралы айтылған. Қай заңда да «убытки-ді» айтсаң сол бір мағына шығады. Ал бізде шығын туралы айтсаң бір басқа, залалды айтсаң екінші мағына береді. Оларды қарастыра келе, менің ұсынысым – «шығын» болса деймін. Себебі, орысшадағы «убытки» – нақты залал, ол «ушерб» пен «упущенная выгода» деген түсініктерден тұрады. Оның қазақша мағынасы, алынбаған пайда мен нақты залал, біз соны біріктіріп көрсетуіміз керек.
Екінші жағынан, бұл қателерді көрсететін сөздік болғаннан кейін мемлекеттік билік, мемлекеттік аппарат назар аударуға тиіс. Сол арқылы Президент әкімшілігі болсын, Әділет министрлігі болсын, Сенат пен Мәжіліс болсын, Қазақстан заңдарында қанша қате бар екенін көреді. Санап отырсақ, сондай қателердің саны екі мыңға жетті. Яғни, бір сөздің әр жерде әр түрлі келуін айтып отырмыз. Сосын, сол қателіктер қайталана береді.
Мысалы, Кодексте қате кетсе, одан төмен тұрған заңда да қате жазылады. Заңда солай болған соң Үкіметтің қаулысында қате болып тұрады. Соңында оқырманға түсініксіз болады. Сосын қазақша нұсқасын ешкім қолданғысы келмей, орыс тіліндегі заңға жүгінеді. Сайып келгенде, екінші мәселеміз, заң шығарушы органға, атқарушы билікке осы жұмысымызды жеткізу. Мұндай жұмыспен қазір айналыспасақ, 15-20 жылдан кейін қандай құқықтық қоғам тәрбиелеп шығарамыз?!
Үшінші мәселе, орыс тілін меңгерген, қазақша түсінбейтін студент, заңгер не қарапайым халық болсын, олар осы айырмашылықты көреді. Мысалы, қазақша шала білетін адам Үкіметтің қаулысын ашып қарап, аудармасын оқи бастағанда қалай жазылып тұрса, солай қабылдайды. Себебі, Үкіметтің, заң шығарушылардың шешімдерінде жұрт солай қабылдау керек деп жазылады да онысын қате жазып қояды. Демек, қазақша оқығысы келетін адам қатты жаңылады.
– Жұмыс қашан басталды және қашан бітеді? Оның кімге ұсынасыздар?
– Осы мәселені автор ретінде қолға алып, былтыр қыркүйекте кірістік. Басында ауқымы осынша ұлғаяды деп ойламадық. Бұйырса, тамыз айына дейін бітіруіміз керек. Үлгермеген жағдайда жылдың соңына дейін аяқтаймыз деген ойдамыз. Сөздікті басып шығарған соң ол жаңартылып тұру керек. Сөйтіп, екінші басылымда одан да көп қателікті көрсетеміз. Біздің қазіргі мақсатымыз мың сөзге дейін жеткізу.
Мұндағы мың сөздің ішіне қазақша аудармадағы қателіктің бәрі кіреді. Орысша бір сөз бес түрлі аударылса, демек, бес қате дегенді білдіреді. Бірақ, сол бір сөзді көрсете отырып, оның құқықтық жүйедегі бірнеше құқықтық актісін көрсетеміз. Яғни, мысалдары бірнешеу болады. Бұл еңбектің құнын арттырады. Сол еңбегіміз жарияланған соң заң шығарушылар көрсе, сөйтіп заң түзелетін болса, Қазақстандағы құқық тілінің дұрысталғандығының көрсеткіші болары сөзсіз.
– Заң мәтінінен басқа да оқулық аударумен айналысасыздар ма?
– Біз осы сөздікті жасап қана қоймай, қазір кітап аударуға да кірістік, тығыз айналысып жатырмыз. Құқықтық ғылымның өз ерекшелігі бар. Англиядағы, басқа елдегі кітапты аударатын болсақ, біздің жағдайымызға келмейді. Құқықтық идеялар, конституциялық ұғымдар, демократиялық институттар атауы бойынша қабылдай алатын шығармыз. Бірақ оны ереже етіп қолдану, заңға енгізу оңай емес. Сондықтан шетелдік емес, өзіміздің орысша жазылған кітаптарды аударуды мақсат еттік. Өзіміздің университетте авторларымыз бар. Солардың жұмысын аударамыз. Содан кейін банк құқығы, жеке құқық бойынша басқа оқулықтарды тәржімалаймыз.
Бір қызығы, осыған дейінгі аудармаларда мына заң қате дегенді көрмейсіз. Бізде мысалы, Украинадан келген ғалым әкімшілік құқық туралы кітап жазды. Оның ішінде Конституцияға, заңдарға сілтеме жасайды. Мен аударған кезде, сол заңды аудармаймын. Тек ол кісі алған баптың, айталық Конституцияның бір бабының қазақшасын алам. Ал орысша «лицо» деп тұрғанды қазақшасында «адам» деп қойған. Егер де «лицо может быть президентом» дейтін болса, ол адам екені түсінікті. Ал «лицо» жеке не заңды тұлға ретінде айтылса, оны «адам» деп жаза алмайсың. Онда «тұлға» деп жазылу керек.
Екі жыл бұрын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Өте маңызды құжат. Мемлекеттік органдар өздерінің дұрыстығын өздері дәлелдеу керек. Онда «лицо» дегенді бүкіл жерде «адам» деп жазған. Ал мен оны алам да белгісін қойып, төменгі жағына «бұл Кодекстегі ереженің мына жеріндегі сөз қате» деп жазып түсіндірем. Сол секілді кодекстердің ішінде «ратификация» деген сөз бар. Конституцияда оны «бекіткен» деп қойған. «Халықаралық шарттар бекітілсе, заңдардан жоғары тұрады» дейді. Ол қате. «Ратификацияланған халықаралық шарттар» біздің заңдардан жоғары тұруға тиіс. Себебі, ратификация – Парламенттің құжаты. Ал бекіту – премьер-министрдің бекітетін құжаты. Сонда бір сөздің кесірінен Үкіметтің құжаты заңнан жоғары болып кетейін деп тұр. Конституцияны оқытатын мұғалім осы қателіктерге назар аудару керек.
Біз қазір осы мәселеге байланысты доктриналық коррекция деген термин енгізіп жатырмыз. Мысалы мен ғалым, заңгер ретінде аударма жасасам, ондағы қателікті көрсетуім менің ғалым, маман ретіндегі еңбегім, интеллектуалдық жұмысымның нәтижесі. Сол нәтиже доктриналық коррекция деп аталады.
– Терминологиялық комиссиямен байланыстасыздар ма?
– Терминологиялық комиссия біз айтып отырған «убыток» деген сөзді бес түрлі, «ущерб»-ті үш түрлі етіп енгізіп, бекітіп қойған. Оны аудармашы қарағанда қалағанын алып пайдалана береді. Тағы бір қызығы, терминкомда 300 мыңнан астам сөз бар деп көрсетеді. Бірақ оның бекітілгені 30 мың ғана. Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын мың-ақ сөз бекіткенбіз. Сонда мемлекеттік деңгейде құқықтық терминология қалыптастыру үшін қанша жыл күтуіміз керек? Сондықтан терминкомға жылына 2-3 мың сөз бекітейік, дұрыс еместерін жояйық деп ұсыныс жасап отырмын.
– Командаңыз туралы айтсаңыз...
– Нақты команда дейтіндей құрылған арнайы топ жоқ. Себебі, университетте әркімнің әр түрлі жұмысы бар. Ал жалпы ұжымымыз бірігіп жұмыс істеп жатыр. Алмас Жұмағали, Марат Ахмади, Нұржан Ешниязов сынды әріптестерім атсалысып келеді. Одан бөлек аудармашыларымыз, мұғалімдеріміз – бәрі қазақ тіліне жанашырлық танытып, үлес қосып жүрген жандар.