Өскеменде бұрынғы әйелін балағаттаған ер адамға айыппұл салынды

Динара Амантай

Сонымен бірге жәбірленушінің пайдасына 100 мың теңге моральдық шығын өндірілді

Фото: Halyq Uni

Өскеменде бұрынғы әйелін әлеуметтік желіде балағаттаған ер адамға айыппұл тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өскемен қаласының №2 сотында қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, ер адам кешкі уақытта кафеде отырып, өзінің ұялы телефонынан WhatsApp мессенджері және SMS-хабарламасы арқылы бұрынғы әйелінің атына әдепсіз, балағат сөздер жазған.

Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, ұялы телефоннан алынған скриншоттармен, сарапшының қорытындысымен расталды. Сондай-ақ сотталушының жіберілген хабарламаларында жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру белгілерін қамтитын әдепсіз нысанда айтылған сөздер бар деген қорытынды шығарылды.

Сот ер адамды қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 76 575 теңге айыппұл салды. Сонымен бірге сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 100 мың теңге моральдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.