Halyq Uni логотип
×

«Рәміздерді насихаттау – елдікті насихаттау»: қазақстандық рәмізтану саласының бүгінгі беталысы

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясында 10 мыңнан астам іс-шара жоспарланған

 Ая Өміртай 29.03.2023 | 16:13
«Рәміздерді насихаттау – елдікті насихаттау»: қазақстандық рәмізтану саласының бүгінгі беталысы
Сурет: ашық дереккөзден

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын мерекелеу аясында еліміздің 14 облысында 10428 іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Геральдикалық зерттеулер орталығы мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай, Астана, Алматы, Көкшетау, қалалары, Қарқаралы, Ерейментау, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында мемлекеттік мекемелермен, БАҚ өкілдерімен, түрлі деңгейдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, патриотизмді, отансүйгіштікті насихаттайтын, рәміздерді құрметтеуге шақыратын қоғамдық шаралар ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында 2 ғылыми-практикалық конференция, 1 республикалық форум, рәміздер тарихынан сыр шертетін 5 танымдық-көшпелі көрме өткізілген. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, қадыр-қасиетін қоғамға түсіндіру мақсатында өзге өңірлерде 11 іс-шара, Елтаңба авторы, профессор, сәулетші Ж.Мәлібековтың қатысуымен 17 іс-шара өткізіп, осы жылдың он айында 45 іс-шара ұйымдастырып, 5000-нан астам адамды қамтыған.

«Қазақстан Республикасының рәміздері – еліміздің ең басты белгі, нышандары екені жалпыға аян. Елдің танымалдығы мен қарым-қайраты – ең әуелі рәміздердің танымалдығынан көрініп жатады. Сондықтан да рәмізді қадірлеу – елдікті қадірлеу, рәміздерді насихаттау – елдікті насихаттау болмақ. Рәміздерді насихаттау ісін осы тұрғыдан алғанда басты идеялогиялық жұмыстардың бірі ретінде қарастыруға болады. Оның дұрыс және ауқымды жүруі мемлекеттің ішкі саясаты үшін де маңызды. 

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті ішінен құрылған Геральдикалық зерттеулер орталығының бір міндеті Қазақстанда геральдика ғылымын жолға қою болса, екінші бір міндетіне осы Мемлекеттік рәміздерді насихаттау ісі кіреді. Рәміздерді насихаттау деген қит етсе туды желбіретіп, гимнді орынды-орынсыз шырқай беру емес, әрине. Қазіргі таңда, баршамызға белгілі, дамыған шетелдердің көбінде мемлекеттік туды жеке адамдардың қадірлеп, құрметтеуі ешкімнің зорлығынсыз, үгітінсіз жүзеге асып жатады. Бұл ұлттық бірегейліктің және шынайы патриотизмнің белгісі. Бір жағынан, бұл көрініс сол мемлекеттің өз азаматтарына ұсынып отырған өмір сапасына да қатысты болса, екінші жағынан, ұлттық идеяның беріктігі, рәміздерді насихаттау, патриоттық тәрбие секілді жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілгенінің де нәтижесі. Бұл екеуі бірге, қанаттаса жүруі керек. Бірінің маңызын асырып, екіншісін ұмыт қалдыруға болмайды», – дейді сайтымызға сұқбат берген Геральдикалық зерттеулер орталығы, Рәміздерді насихаттау бөлімінің бас маманы Есбол Нұрахмет.

Оның айтууынша, қазақ геральдикасының тарихы мен рәміздерді қолдану тәртібі туралы мәселелерді талқылау мақсатында Елтаңба авторы, профессор, сәулетші Жандарбек Мәлібеков, белгілі түрколог, профессор Қаржаубай Сартқожа, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, суретші, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан, алаштанушы ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов, жазушы, зерттеуші Бекен Қайрат, ғалым Иманғазы Нұрахмет, т.б ғылыми кеңестер өткізіп, ақылдаса отырып жұмыстар атқарылуда. 

Ұлттық архив, Ә.Марғұлан атындағы Археология институт, «Таңбалы» қорық-музейі, Әскери-тарихи мұражай, «Есік» музей-қорығы, Шығыстану институты, Ұлттық музей, Ұлттық академиялық кітапхана-сынды ғылыми орталықтармен ақпараттар алмасып, мамандарымыз бірлесе жұмыс жасау үшін екіжақты меморандум жасалған. Сонымен бірге мемлекеттік рәміздерге деген халықтың құрметін арттыру үшін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің әулетін пайдалануда аса маңызды.

«Осы мақсатта Үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 Қаулысы бойынша Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылған болатын. Бұл жас мекеме. Қазіргі таңда мекеме директоры Асылбек Байжұмаұлының жетекшілігімен мекеменің негізгі жұмыс бағыты белгіленіп, ғылыми және қоғамдық бағытта бірқанша жұмыстар жүзеге асты. Мысалға, 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 2 ғылыми-практикалық конференция, 1 республикалық форум, рәміздер тарихынан сыр шертетін 5 танымдық-көшпелі көрме өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, қадыр-қасиетін қоғамға түсіндіру мақсатында өзге өңірлерде 11 іс-шара, Елтаңба авторы, профессор, сәулетші Ж.Мәлібековтың қатысуымен 17 іс-шара өткізіп, осы жылдың он айында 45 іс-шара ұйымдастырды. Бұл 5000-нан астам адамды қамтыған. Бұның сыртында әр ай сайын рәміздерді насихаттауға арналған роликтер мен бейне-сұхбаттарымыз жарық көріп отырады, мектептер мен орта, жоғары білім ордаларында оқушы, студенттермен кездесулер өткізіліп, тәрбие сағаттары жүргізіледі. Бұның барлығы мекеменің шағын ғана бюджетімен, қызметкерлердің ынта-ықыласының арқасында жүзеге асып жатқан жұмыстар», – деп қосты Есбол Нұрахмет.  

Геральдикалық зерттеулер орталығы мемлекеттік телеарналар мен белгілі газеттер, интернет порталдарда қаңтар-қазан айындағы көрсеткіштер бойынша, Орталық басшысы және мамандарының қатысуымен 61 материал жариялаған. Оның 8-і «Хабар», «Қазақстан», «Абай тв», «Хабар24», «Еуразия 1» сынды елміздегі белді телеарналармен «Түрік тв» сынды халықаралық телеарнада жарияланды. 

Сонымен қатар, Орталықтың жұмысын қоғамға таныстыру бойынша әлеуметтік желілерге арналған 31 ролик, рәміздердің қолдану тәртібі бойынша 12 ролик, Орталықтың ресіми парақшаларында осы жылдың қазан айына дейін жалпы 40 ролик  жарияланды. Және де фейсбук, инстраграмм желісіндегі парақшаларында түрлі бейнероликтер мен мемлекеттік рәміздердерді насихаттауға арналған материалдар күн сайын тұрақты түрде жарияланып тұрды.

«Геральдикалық зерттеулер жағына келер болсақ, геральдика ғылымы – біздің тілге аударсақ таңбатану, рәмізтану деген мағынаны береді. Батыста бұл ғылым тек гербті зерттеуді ғана негіз етеді, оның басты себебі Еуропа елдерінің тарихында гербсіз мемлекеттер аз болған. Ал біздің тарихта гербтен көрі ту негізгі басымдыққа ие болғаны мәлім. Сондықтан да бұл ғылымды батыстағы мағынасымен тек гербтің айналасына шоғырландырсақ, біздің тарихқа сәйкес келмейді. Сонымен қатар, рәмізтануды тек бүгінгі Қазақстанның Туы, Гербі, Гимні негізінде ғана қарасақ та мазмұн мен мағына жағынан ұтыламыз. Тамырсыз ұлт, тарихсыз халық емеспіз, сондықтан қазақстандық рәмізтану саласы сонау ескі ғасырлар қойнауынан бері қарайғы барлық таңбалар мен туларды негіз етуі керек. Міне, бұл іспен мекеменің ғылыми бөлімі айналысып отыр. Ғылыми бөлімнің жұмысының нәтижесінде маусымдық «Таңбалар тілі» журналы жарық көріп жатыр», – дейді Рәміздерді насихаттау бөлімінің бас маманы.

Айта кетелік, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын мерекелеу аясында еліміздің 14 облысында 10428 іс-шара жоспарланған. Оның 9766 іс-шарасы биылғы 10 айдың көлемінде атқарылып, 2 миллион 839 мың 878 адамды қамтыған. Астана, Алматы қалаларында 2022 жылы рәміздерді насихаттау бойынша 322 іс-шара жоспарланып, III тоқсанда 321 шара атқарылған. Оған 510000-нан астам адам қатысқан. 3 облыс жаңадан құрылғанына байланысты статистикалық есепке қосылмады. 

Жалпы алғанда, III тоқсандық есептеулер нәтижесінде республика бойынша (Шымкент қаласын қоспағанда), 10750 іс-шара өткізіліп, 3 миллион 349 мың 878 ден астам адам қамтылған.

Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылдың қазан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін туды балконға ілуге ресми рұқсат берілді. Дегенмен Тоқаев еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз екеніне назар аударып, оған немқұрайлы қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажеттігін айтты.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қорлауға ешқашан жол бермеуіміз керек. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн, – деді Президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама