Павлодар облысында 300 гектар орман өртенді

Қымбат Елтайқызы

«Бұл қасақана жасалған» деп отыр мамандар

фото: Halyq Uni

Павлодар облысындағы Ертіс орманы мемлекеттік орман табиғи резерватының Бесқарағай филиалы аумағында шамамен 300 га жуық жер өртенді. Мамандардың айтуынша, Жабағылы ауылында біреу жиналған шөпті қасақана өртеген. Қалың шөпті өсімдіктер мен былтырдан қалған үйінділерден күш алған қызыл жалын орманмен көмкерілмеген Көкжал орманшылығы аумағын жалмаған.

Қызыл жалынды Ертіс орманы табиғи резерватының басшысы патрульдеу кезінде байқаған. Әбден күшейген тілсіз жауды сөндіруге 35 адам, 4 өрт сөндіру машинасы, 5 трактор, 5 жеңіл машина жұмылдырылды. Орман шаруашылығының қызметкерлері кеше 12:35 шамасында басталған жалынды 17:33-те ауыздықтады. Өрт толығымен сөндірілді, – дейді экология министрлігі.

«Көктем - күн жылынып, өртке қауіпті кезеңнің басталатын тұсы. Бұл мезгілде кейбір шаруалар жаңа шөптің бітік шығуы үшін шабындықтарды қасақана өртейтіні белгілі. Сонымен қатар бау-бақшасын тазаламақ болған тұрғындар қауіпсіздік ережелерін сақтамастан үйінділерді өртеп жатады. От қойғандардың көпшілігі қызыл жалынның қандай аумақты шарпитынын бақылай бермейді. Осындай немқұрайлық кесірінен басталған өрт мемлекеттік орман қоры аумағына өтіп, залалын тигізіп жатыр. Сондықтан шаруа қожалықтары және тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін жіті қадағалап, еліміздің орманын тілсіз жаудан сақтауға шақырамыз», – делінген ақпаратта.