Ұсталған жастардың бәрі - 1991-1998 жылдары туған азаматтар
Атырау қаласының Береке шағын ауданында тұратын нашақорлар ұсталды. Олардан психотропты есірткіге жататын трамадол дәрі-дәрмектері тәркіленді. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Атырау қаласының полициясы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындардың арызы бойынша үйделді тексеріп, Береке шағын ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен психотропты дәрі-дәрмек тұтынған 6 адамды анықтады.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, №2 Атырау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары 1991, 1992, 1993, 1995, 1995 және 1998 жылы туған жастарды ұстаған. Олар сараптамаға жеткізіліп, іс-құжаттар жинақталды.
Бұған дейін Береке шағын ауданында Атырау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері психотропты және өзге де дәрі-дермектерді сатумен айналысқан 32 жастағы азаматты ұстаған болатын.