Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қостанайлық полицейлер есірткі тарататын арналардың жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Қостанайдың 28 жасар тұрғынын ұстады. Ол көппәтерлі үйлердің біріне «синтетика» қалдырмақшы болған.
Тінту жүргізу кезінде одан 119,46 грамм «а-PVP» есірткі психотроптық заты табылып, тәркіленді. Бұл аса ауыр салмақты құрайды, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Дүйсембай Байбосынов.
39 жастағы екінші күдіктіні полицейлер Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тас жолында ұстады. Көліктен салмағы 2 келіден асатын гашиш және 2 келі 194 грамм марихуана табылды. Есірткінің рюкзакта болғандығы белгілі болды.
Алғашқы тергеу әрекеттері барысында күдіктінің есірткіні елдің оңтүстік өңірінен сатып алғаны анықталды. Әрі қарай ол Қостанай облысының аумағында есірткі сатуды жоспарлаған, – деді Дүйсембай Байбосынов.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы, 3-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұдан арғы жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.