×

Мемлекет басшысы Үкіметке әлеуметтік жәрдемақыны көбейтуді тапсырды

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау одан әрі жалғасады

 Дастан Жұмабекұлы 29.03.2023 | 11:15
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау, жәрдемақыны көбейту, ана мен баланы қорғау мәселесі туралы айтты.

Президент әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі екенін, қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керектігін, мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінетінін атап өтті.

Оның айтуынша, әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс.

Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы нашар отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады, – деді ол.

Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқанын, жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленетінін айтты.

Мен  былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді, – деді президент.

Осы орайда Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталды.

Қазір елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек, – деді ол.

Осы ретте, мемлекет басшысы Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсыратынын, мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажеттігін атап көрсетті.

Қазақстанды аймақтар бойынша осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.

Дегенмен кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн, – деді президент.

Оның айтуынша, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын-алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек.

Сөз соңында ол Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама