×

Тоқаев қазақстандықтарды суды үнемдеп пайдалануға шақырды

Президент су саласын цифрландырудың маңыздылығы жайында айтты

 Дәурен Ерболат 29.03.2023 | 11:09
көрнекі фото: atpress.kz

Елімізде су тапшылығы мәселесі ушыға түсуі мүмкін. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Парламенттің бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

«Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет.

Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал», - деді Тоқаев.

Қазақстанда судың 65%-ы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60%-ға жуығы құмға сіңіп кетеді. Сондықтан қазақстандықтар суды үнемдеп пайдалануға тиіс.

Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық, - деді президент.

Сондай-ақ сумен жабдықтау объектілерін және су саласын цифрландыру өте маңызды.

«Суару арналарын ауқымды реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшу, суды есепке алуды автоматтандыру, су ресурстарын пайдалануға квоталарды енгізу жоспарланып отыр. Осы мәселелердің барлығы сапалы нормативтік-құқықтық және заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама